logo-preloader-min
0%
Загрузка ...

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жасалатын операциялардың 90% — жоғары санаттағы күрделі операциялар

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да еліміздің ең тәжірибелі кардиохирург командаларының бірі жұмыс істейді. Мұнда Қазақстанның барлық өңірлерінен, жақын және алыс шет елдерден келген пациенттерге көмек көрсетіледі. Хирургтар жүрек клапандарының ақаулары, кеуде қолқасының аневризмасы, жүректің ишемиялық ауруының асқынған ағымы, инфекциялық эндокардит, жүрек ырғағының бұзылуы, жүрек қызметінің жеткіліксіздігі және басқа да  кардиохирургиялық операциялардың барлық түрлерін жүргізеді. Мамандардың мол тәжірибесі ең күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік береді.

Пациенттердің жағдайының ауырлығын ескере отырып, операциялардың 90% — жоғары санаттағы күрделі операциялар.   54 жастағы науқаста жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфаркті, сол жақ жүрек қарыншасының аневризмасы, шығарылу фракциясы 32%-ға (норма 65% және одан жоғары) төмендеген созылмалы жүрек қызметі жеткіліксіздігіне шалдыққан пациенттің тарихымен  таныстырмақпыз. Науқастың жағдайы сонымен қатар II типті қант диабеті, артериялық гипертония және инфаркт сияқты аурулармен қиындады.

Пациенттің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында  жасын да ескере отырып, дәрігерлер консилиумы алдыңғы төмен бағытталған және айналатын артериялардың коронарлық шунттау операциясын жасау туралы шешім қабылдады. Шығарылу фракциясының төмендеуіне және сол жақ қарыншаның аневризмасына қарамастан, кардиохирургиялық қызметтің мамандары хирургиялық емдеудің сәтті нәтижесіне күмәнданбады. Операцияны кардиохирург Нұрбол Есалиев жасады. Ота сәтті өтті. Операциядан кейінгі кезең клиникалық жақсарумен асқынусыз өтті. Науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарды. Жүректің МРТ нәтижелері аневризма аймағын азайту арқылы сол жақ қарыншаның функциясының жақсарғанын көрсетті.

Науқастың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсартуда коронарлық  шунттау арқылы миокардтың қанайналымын дер кезінде қалпына келтіру маңызды рөл атқаратынын атап өткен жөн.

 

Сайттағы материалдарды пайдаланған кезде
дереккөзге сілтеме жасау қажет