Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор Машкунова Ольга Васильевнаның жетекшілігімен резидентураның 2- курста оқитын резидент-ревматологтары мен PhD докторанттары Жапониядағы Азия-Тынық мұхиты өңірі ревматологтарының 27-ші Халықаралық конгресінде постерлік баяндамалар ұсынды. Баяндамалардың тезистері беделді APLAR ревматологиялық журналында жарияланады.
APLAR конгресі (Asia-Pacific League of Associations for Rheumatology) Фукуока қ. өтті. Биылғы тақырып: «Go beyond with harmony» қоғамдастықтың кедергілерді жеңуге, ынтымақтастыққа, ғылыми, клиникалық және мәдени күш-жігерді өзара толықтыруға деген ұмтылысын көрсетеді.
1963 жылы құрылған APLAR қауымдастығы бүгінгі күнге дейін 33 ұлттық бірлестікті біріктіреді. Іс-шараға 60-тан астам елден 2800-ден астам делегат қатысты, оның ішінде әлемнің түкпір-түкпірінен 150-ден астам сарапшы, 176 спикер, ғылыми тезистері бар 1915 қатысушы. Конгрессте ревматологиядағы соңғы жетістіктер, заманауи терапиялық тәсілдер және тәжірибеден алынған күрделі клиникалық жағдайлар талқыланды.
КІАҒЗИ өкілдерінің баяндамалары Конгресс қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Барлық баяндамалар ағылшын тілінде ұсынылды. ҒЗИ резидентурасында оқыту, ағылшын тілін білу жас ғалымдардың ғылыми қызметіне үлкен мүмкіндіктер береді және шетелдік ревматолог-әріптестермен ынтымақтастық шекарасын кеңейтеді.
APLAR отырысында маңызды оқиға болды — Қазақстан 2029 жылы APLAR өткізілетін ел болып таңдалды, ал республикалық ревматология орталығының басшысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас ревматологы Ғалымжан Тоғызбаев бірауыздан APLAR вице-президенті болып сайланды.