logo-preloader-min
0%
Загрузка ...

КІАҒЗИ өкілі 1-ші Mangystau International Tourism Forum аясында баяндама жасап, ұйым туралы бейне ақпараттық тур ұсынды

24-26 қыркүйек аралығында ЭЫҰ елдері, Түркия, Иран, Түрікменстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның сарапшыларының қатысуымен 1-ші Mangystau International Tourism Forum өтті. Форумды Маңғыстау облысының әкімдігі ҚР Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – Қазақстанды бәсекеге қабілетті туристік бағыт ретінде ілгерілету, салаға инвестициялар тарту, туризм саласындағы заманауи үрдістерді талқылау, серіктестік мүмкіндіктерін кеңейту және өңірлік туризмді дамытуға бағытталған идеяларды әзірлеу.

Форум барысында Қазақстанның көршілес мемлекеттер мен Каспий өңірі үшін тартымды орталыққа айнала алатыны атап өтілді. Бұл форум жаңа идеялар мен шешімдердің катализаторына айналып, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға нақты мүмкіндіктер туғызды.

Форум аясында туризмді дамытудың негізгі бағыттары бойынша панельдік пікірталастар, инвестициялық жобалар мен жаңа туристік өнімдердің таныстырылымдары, серіктестік орнатуға арналған кездесулер мен келісімдерге қол қою рәсімдері, сондай-ақ қазақстандық денсаулық сақтау саласының жетістіктер көрмесі өтті. Іс-шараға қатысушы ұйымдар туралы бейне-инфо турлар көрсетіліп, олардың мүмкіндіктері мен жетістіктері таныстырылды.

Медициналық туризмді дамытуға арналған сессияда «Кардиология мен терапиядағы инновациялар – Қазақстандағы медициналық туризмді дамытудың кілті: тәжірибе мен әлеует» тақырыбында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының халықаралық қатынастар және медициналық туризм жөніндегі менеджері, эпидемиолог-дәрігер, м.ғ.к. Гүля Сарыбаева баяндама жасады. Ол өз сөзінде Институттың кардиология мен терапия саласындағы ұлттық үйлестіру және инновациялар орталығы екенін атап өтті. Маңызды бағыттардың бірі – телемедицина. Соңғы 3 жылда 2000-нан астам дәрігерлік кеңес берілген, оның ішінде жүкті әйелдерге көмек көрсету де қамтылған.

Көрме аясында институтта енгізілген қызметтер мен технологиялар көрсетілді. Форум жұмысына Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің жетекші сараптамалық ұйымдарының бірі ретінде қатысуы – елдің жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге қабілетті сенімді бағыт ретіндегі имиджін ілгерілетуге зор үлес болмақ.

КІАҒЗИ халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдеп, JCI қайта аккредитациясынан өтті. Медициналық туризм аясында шетелдік науқастарға кардиохирургиялық, рентгенэндоваскулярлық және аритмологиялық араласулар жүргізіледі. Олар: TAVI және IV–VII деңгейлі күрделі жоғары технологиялық операциялар. Сондай-ақ ішек қабыну ауруларына, ревматологиялық және нефрологиялық бейінді науқастарға арналған гендік-инженерлік терапия, қалқанша безіне радиожиілік абляция әдісі, сондай-ақ сәулелік диагностика әдістері: магнитті-резонанстық холангиопанкреатография және энтерография, виртуалды колоноскопия қолданылады. Асқазан-ішек жолының эндоскопиясы, илеоколоноскопия, энтероскопия және Крон ауруы кезінде баллонды дилатация жүргізіледі.

Институт заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған, ғылыми-зерттеу және клиникалық базасы бар. Мұнда өз ісінің кәсіби мамандары қызмет атқарады. Сондықтан республика өңірлерінен ғана емес, жақын және алыс шетелден де науқастар келіп емделеді.

 

 

 

 

 

 

Сайттағы материалдарды пайдаланған кезде
дереккөзге сілтеме жасау қажет