Алматыда Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ базасында Республикалық эндокринология және қант диабеті орталығы ашылды.
Қазақстанда эндокринологиялық қызметті нығайту — денсаулық сақтаудың стратегиялық бағыты. Республикалық эндокринология орталығын ашудың мақсаты — эндокринологиялық қызметті дамыту және пациенттерге жоғары мамандандырылған көмек көрсету. Орталықта қолданылатын диагностика мен терапияның заманауи әдістері емдеудің тиімділігін арттыруға, асқыну деңгейін төмендетуге және эндокриндік аурулары бар науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Орталықтың ашылуы — еліміздің эндокринологиялық қызметін дамытудағы маңызды қадам.
Орталық командасының құрамына қант диабеті мен басқа да эндокриндік патологиялардың асқынуларын диагностикалауды, емдеуді және алдын алуды жүзеге асыратын эндокринолог, офтальмолог, подолог — хирург дәрігерлер кіреді. Орталық КІАҒЗИ орналасқандықтан, пациенттер кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог және невропатолог мамандардың кеңесін ала алады. Бұл пәнаралық тәсіл пациенттерді жан-жақты бақылауға және ауыр асқынулардың дамуын болдырмауға мүмкіндік береді. Орталықта қант диабетін бақылауға арналған заманауи құрылғылар бар. Дәрігерлер қант диабеті мектептерін жүргізеді, оның ішінде пациенттер инсулин терапиясы әдістемесіне үйретіледі. Пациенттер ауру туралы жүйелі білім алады және өзін — өзі бақылау дағдыларын алады
Диабеттік табан кабинетінде біз заманауи технологияларды пайдалана отырып, кешенді диагностика мен тиімді емдеу әдістерін ұсынамыз. Аурудың ерте кезеңдерін анықтауға және емдеуді уақтылы тағайындауға, аяқты сақтап қалуға және ең тиімді оңалту шараларын таңдауға көмектесетін диагностикаға ерекше назар аударылады.
Бұған дейін КІАҒЗИ және Steno қант диабеті орталығының басшылығы өзара түсіністік туралы меморандум жасасты.