Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевтың шақыруымен Алматы қаласындағы Франция Республикасының Бас консулы Максим Жеренже келді.
Институттың бірінші басшысы қонақты мекеменің қызметімен таныстырды. Ол мұнда жасалатын операциялардың 90%-ы 5-7 күрделілік санатына жататынын атап өтті, олар: жүрек трансплантациясы, LVAD, TAVI, ашық жүрекке жасалатын операциялар, созылмалы толық окклюзиялары бар науқастарға жасалатын тері арқылы коронарлық араласулар және т.б. Кардиохирургтер мен интервенциялық кардиологтар озық технологияларды пайдалана отырып, операцияларды пациент үшін барынша қауіпсіз жасайды. Операциядан кейінгі өлім-жітім көрсеткіші тек 0,8%-ды құрайды.
Максим Жеренже бірінші кезекте Клиникалық-диагностикалық зертханада болды.
«Қазіргі уақытта зертхана халықаралық стандарттарға сәйкестігін растау мақсатында аккредиттеуден өтуге дайындық үстінде, мақсаты – зертхана пайдаланушыларының зерттеу нәтижелерінің дәлдігі мен зертхана құзыреттілігіне сенімділігін арттыру», – деді Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жамиля Қайбуллаева.
Рүстем Мұхтарұлының айтуынша, клиникада аутоиммунды ауруларды анықтауға арналған толық диагностика, аллергологиялық зерттеулердің толық панелі бар. Сәулелік диагностика бөлімшесінде сүйек тінінің тығыздығын сандық түрде бағалайтын КТ-денситометрия, сондай-ақ метаболикалық синдром, 2 типті қант диабеті, артериялық гипертензия және жүрек-қан тамыр ауруларының дамуымен тығыз байланысты висцералды май тінін КТ арқылы бағалау жүргізіле бастады.
Сонымен қатар, жаңадан ашылған эксперттік эндоскопия оқу орталығы өз жұмысын бастады. Бұл орталықта Орталық Азия елдерінің (Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан) эндоскопист дәрігерлері өз біліктіліктерін арттыра алады. Институт мамандары халықаралық сертификаттарға ие және диагноз қою мен ем жүргізуге қажетті барлық дағдылар бойынша толыққанды оқыта алады.
Қонақ қабылдау, функционалдық және ультрадыбыстық диагностика бөлімшелеріне де барды. Онда әлемдік стандарттарға сай заманауи жабдықтармен танысты. Сонымен қатар, ерекше қызығушылық тудырған нысандардың бірі – тұз шахтасы болды.
Клиника мамандары күн сайын телемедицина арқылы еліміздің барлық өңірлерінің ауыр жағдайдағы пациенттеріне, оның ішінде жүкті әйелдерге де қашықтан кеңес беріп отырады.
«Мұндай кеңес беру өңірлік әріптестерге күрделі науқастарға дұрыс диагноз қойып, емдеу тактикасын анықтауға, барлық деңгейлерде медициналық көмектің жолын белгілеуге, қажет болған жағдайда жүктілікті ұзартуға немесе санитарлық авиация арқылы науқасты бейінді орталықтарға жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Жамиля Ахтанқызы.
Қонаққа Пациент мектебі де көрсетілді. Онда пациенттерге аурудың мәнін дұрыс түсіну, емге деген бейілділік пен дәрігерлердің ұсыныстарын сақтау емнің тиімділігіне тікелей әсер ететіні үйретіледі.