Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жетекші мамандары тәжірибе алмасу, заманауи жетістіктерді талқылау және ревматологиялық практикаға инновациялық тәсілдерді енгізуде ірі алаңдардың бірі болып табылатын «Санкт-Петербургтегі ревматология күндері» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты.
Институттың қызметкерлері ғылыми зерттеулер мен клиникалық жұмыстың өзекті бағыттарын қамтыған бірқатар баяндамалар жасады. Басқарма төрағасының терапиялық қызмет жөніндегі орынбасары Ғалымжан Тоғызбаев «Ревматоидты артриті бар науқастардың тіркелімі: клиникалық тәжірибе, ғылыми зерттеулер және денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызы» атты баяндамасында ревматоидты артрит бойынша науқастардың тіркелімін талдау нәтижелерін ұсынып, жүйелендірілген деректердің диагностика, емдеу және медициналық көмекті ұйымдастыру сапасын жетілдірудегі рөлін атап өтті.
Ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор Ольга Машкунова «Терімен шектелген васкулиттер: клиникалық мысал негізінде биологиялық терапияға арналған “мүмкіндіктер терезесі”» атты баяндамасында васкулиттің тері түрлерінде биологиялық терапияны тиімді қолдану жағдайын және емдеуді ерте бастау критерийлерін ұсынды.
№2 терапия бөлімшесінің меңгерушісі Майса Қалыкова «Босанудан кейінгі кезеңде асқынған жүйелі қызыл жегі: мультижүйелік зақымданумен жүретін созылыңқы ағым және емдеу тактикасы» тақырыбында баяндама жасап, аурудың клиникалық ағымының ерекшеліктерін және босанудан кейінгі кезеңдегі терапия тәсілдерін ұсынды.
Институт қызметкерлерінің конференцияға қатысуы кәсіби байланыстарды кеңейтуге, Ресей мен өзге елдердің жетекші мамандарымен тәжірибе алмасуға және заманауи ғылыми деректер мен терапиялық стратегиялармен танысуға мүмкіндік берді.
Іссапар халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен институттың кәсіби ревматологиялық қауымдастықтағы беделін нығайтуда маңызды қадам болды.


