Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының ұжымы профессор, академик, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, гастроэнтеролог-эндоскопист дәрігер Елдос Әбдіқалықұлы Изатуллаевтың қайтыс болуына байланысты отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Оның өмірден өтуі — біз үшін, әріптестері және оны білетіндер үшін орны толмас ауыр қайғы.
Республикадағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі – С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ аяқтағаннан кейін, ол бүкіл саналы ғұмырында практикалық қызметті ғылыми және қоғамдық жұмыстармен қатар алып жүрді. Көп жылдар бойы жинаған мол тәжірибесі мен ғылыми еңбектері, сондай-ақ кәсіби шеберлігі, мамандығына деген адалдығы жүздеген, мыңдаған адамның толыққанды өмірге оралуына себеп болды. Ол Қазақстанның нутрициологтар, гастроэнтерологтар және эндоскопистер қауымдастығының төрағасы, Халықаралық гастроэнтерологтар қоғамының, Халықаралық эндоскопист-гастроэнтерологтар ұйымының, Бауыр ауруларын зерттеу жөніндегі Еуропалық қауымдастықтың мүшесі болды.
Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінде 45 жылдан астам уақыт қызмет етіп, медициналық ғылымның дамуына, еліміздің денсаулық сақтауы саласына, қазақстандықтардың денсаулығын нығайту мен жақсартуына өлшеусіз үлес қосты.
2009–2011 жылдары Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқара отырып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, жаңа технологияларды енгізуге және жоғары білікті медициналық мамандар даярлауға барынша ықпал етті.
Ол көрнекті ғалым, білікті басшы, өмірлік және кәсіби тәжірибесі мол денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы, дана ұстаз әрі тәлімгер болды. Оның жетекшілігімен 2 медицина ғылымдарының докторы, 15 кандидат дайындалып, 210 астам ғылыми еңбек, соның ішінде 7 монография және 7 өнертабысына патент жарық көрді.
Біз Елдос Әбдіқалықұлын қарапайым және мейірімді жан ретінде білетінбіз. Ол еңбексүйгіштік, адамгершілік және басқаларға көмектесуге дайын болу сияқты адами қасиеттерімен ерекшеленетін.
Елдос Әбдіқалықұлының жарқын бейнесі мәңгілік жадымызда сақталады.


