logo-preloader-min
0%
Загрузка ...

КІАҒЗИ білім беру үдерісі аясында Бехчет ауруының клиникалық жағдайы жан-жақты талқыланды

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында білім беру үдерісі аясында Бехчет ауруының клиникалық жағдайы ұсынылып, жан-жақты талданды. Талқылау Басқарма төрағасының терапия жөніндегі орынбасары, м.ғ.д. Ғалымжан Тоғызбаевтың, ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор Ольга Машкунованың және №2 терапия  бөлімшесінің меңгерушісі Майса Қалықованың жетекшілігімен өтті. Іс-шараға бөлімшенің ревматолог дәрігерлері мен ревматолог резиденттер қатысты.

Бехчет ауруы – әртүрлі калибрдегі қан тамырларының зақымдануымен және мультижүйелік көріністерімен сипатталатын васкулиттер тобына жататын жүйелі қабыну ауруы. Аурудың ең тән белгілеріне ауыз қуысы мен жыныс мүшелерінің қайталанатын ойық жаралары, тері көріністері, көз бен буындардың зақымдануы, сондай-ақ орталық жүйке жүйесі мен ірі қан тамырларының зақымдалуы жатады. Аурудың ауыр тамырлық және неврологиялық түрлері қолайсыз болжаммен сипатталады және иммуносупрессивті әрі биологиялық терапияны ерте тағайындауды талап етеді.

35 жастағы науқастың Бехчет ауруымен ауыратын клиникалық жағдайы ұсынылды. Ауру мойын аймағындағы қан тамырларының аневризмасы түріндегі тамырлық зақымданумен, сондай-ақ орталық жүйке жүйесінің зақымдалуымен асқынған. Институт жағдайында диагноз алғаш рет верификацияланып, консилиум шешімімен генно-инженерлік биологиялық препарат — инфликсимабпен ем тағайындалды.

Жүргізілген ем аясында оң клиникалық-зертханалық динамика байқалуда, бұл таңдалған ем тактикасының тиімділігін және аурудың ауыр жүйелі ағымында таргеттік қабынуға қарсы терапияны уақтылы тағайындаудың маңыздылығын растайды.

Тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен нақты клиникалық жағдайларды талдау — білім беру бағдарламасының маңызды бөлігі. Ол резиденттерге теориялық білімдерін бекітуге, күрделі мультижүйелік патологиясы бар науқастарды жүргізудің заманауи тәсілдерін меңгеруге және кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сайттағы материалдарды пайдаланған кезде
дереккөзге сілтеме жасау қажет