https://aqshamnews.kz/kz/ar
Буындарды қабындыратын ревматоидты артрит – этиологиясы белгісіз созылмалы аутоиммунды ауру.
Өткен ғасырдың 80-90 жылдарында бұл негізінен жастар (20-40 жас) дерті болып саналған. Бүгінде адам 50, 70 және 80 жасында да ауырып қалуы мүмкін. Ревматоидты артритпен кішкентай балалар да (негізінен 1 жастан 3 жасқа дейін) ауырады, бірақ ересектерге қарағанда жеңіл өтеді.
Бәрі қарапайым суықтанудан басталады. Әдетте алдымен жалпы әлсіздік, шаршау пайда болады. Біртіндеп оларға бұлшықеттердің ауыруы, тершеңдік, температураның жоғарылауы қосылады. Содан кейін буындар ауырсына бастайды. Ауру кез-келген буынға әсер етуі мүмкін. Тырнақтың сынғыштығы, қаңқа бұлшықеттерінің әлсіреуі, плевриттің дамуы, өкпе тіндерінің зақымдалуы да ықтимал. Олар ревматоидты түйіндердің пайда болуымен бірге жүреді және терінің астында тығыз шар түрінде сезіледі.Полиартриттің негізгі белгісі – саусақ буындарының симметриялы зақымдануы. Тек осы симптомға сүйене отырып, диагноз қоюға болады. Егер тізе буыны ауырса, бұл басқа аурулардың белгісі болуы мүмкін. Екінші белгісі – таңертең оянған адам алақанын қыса алмай қалады.
Ревматоидты артриттің нақты себептері әлем бойынша әлі анықталмаған. Сыртқы әсердің нәтижесінде (вирустық инфекция, күйзеліс, суық тию немесе керісінше ыстық өту) иммунитет дұрыс жұмыс істемейді.
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №2 терапия бөлімшесінің ревматолог-дәрігері Маржан Абдуллаеваның айтуынша, полиартритті емдеу үшін қазіргі заманғы медицинада базистік терапияны (иммундық жүйе жасушаларының антиденелер өндірісінің белсенділігін төмендететін ем) пайдаланады. Бұл терапияның ерекшелігі – ем алғашқы күннен бастап және өмір бойы жүргізіледі. Науқас дәрі-дәрмекті үнемі қабылдауы керек. Мұндай жағдайларда ауру уақыт өте келе басылады және адамның өмір сүру сапасы жақсы жаққа өзгере бастайды. Емдеу аурудың белсенділігі мен ұзақтығына байланысты. Әр науқас үшін жеке емдеу схемасы таңдалады.
ticle/buyndardy-zaqymdaityn-poliartrit-jas-talgamaidy.html