Дәнекер тіндердің жүйелік зақымданулары «МӘМС және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы аясында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап динамикалық бақылауға жататын аурулар тізіміне енгізіліп, МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылады. Бұл медициналық көмекке қолжетімділік пен оның көлеміне әсер етпейді. Мемлекеттік кепілдіктер сақталады – тек қаржыландыру көзі өзгереді.
«Дәнекер тіндердің жүйелік ауруларын емдеу қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар (амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету және ТМККК) шеңберінде жүргізіледі», – деп түсіндіреді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ төрағасының терапиялық қызмет жөніндегі орынбасары, м.ғ.д., профессор Ғалымжан Тоғызбаев.
Соңғы жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүйелі қызыл жегі, жүйелік склеродермия, васкулиттер және дерматомиозиттің диагностикасы мен еміне клиникалық хаттамалар енгізді. Бұл хаттамалар халықаралық стандарттарға сай және пациенттердің алғашқы буыннан бастап арнайы орталықтарға дейінгі кезең-кезеңімен бағытталуын, жоғары технологиялық және базалық дәрілерді тағайындауын, ауру барысын барлық деңгейдегі медициналық көмек көрсету барысында бақылауды реттейді.
Хаттамаларды енгізудің арқасында ДТЖА бар пациенттерге медициналық көмек көрсетілуі МСАК және стационарлық желі жүйесіне интеграцияланған, бұл терапияның Қазақстан территориясында қолжетімділігі мен сабақтастығын қамтамасыз етеді. Денсаулық сақтау министрлігі негізгі дәрілерді, оның ішінде жоғары технологиялық препараттарды, АДҚЕ және ТМККК мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде дәрілер тізіміне енгізу мәселесін қарастыруда.
Дәрілерді тағайындау әлеуметтік маңызды нозология статусы бойынша емес, клиникалық көрсеткіштер мен ауру белсенділігінің деңгейіне негізделеді. Электрондық тіркеу жүйелері мен денсаулық сақтау ақпараттық жүйелері арқылы медициналық көмектің сапасы бақыланады, бұл терапия тиімділігін қадағалауға, есеп жүргізуді ашық етуге және бюджет қаражаттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, ДТЖА емдеу қолданыстағы стандарттар мен мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тиімді жүзеге асырылады.


