logo-preloader-min
0%
Загрузка ...

Дәрігер үшін үздіксіз білімін жетілдіру маңызды, өйткені әрбір оқу, жаңа тәжірибе — бұл ем алатындардың денсаулығына инвестиция салу

Акад. В. Шумаков ат. Трансплантология және жасанды органдар ҰМЗО және Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ арасындағы органдарды транспланттау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес институт басшылығы анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Данияр Құнапьяновты, кардиохирургия бөлімшесінің кардиохирургы Нұрбол Есалиевті, CЖЖ кабинеті мен кардиология бөлімшесінің кардиологтары Раушан Садықова мен Дания Сенкібаеваны және перфузия мейіргерін Мәскеу қаласына тәжірибе алмасуға жіберді.

Дәрігерлер екі апта бойы жүрек, жүрек-өкпе трансплантациялау, сол жақ қарыншаның механикалық көмекші құрылғысын — LVAD имплантациялау операцияларына және жасанды қан айналымы жағдайында ашық жүрекке  жасалған операцияларға қатысты.

Акад. В.Шумаков ат. ТЖО ұлттық медициналық зерттеу орталығында  2024 жылы 277 жүрек трансплантациясы, 10 LVAD имплантациясы және  жасанды қан айналымы жағдайында  ашық  жүрекке 161 операция жасалды. 2025 жылғы қаңтар мен сәуір аралығында 118 жүрек трансплантациясы, 5 LVAD имплантациясы және ашық жүрекке 49 операция жасалды. Орталықта 2024 жылы 144 перифериялық ЭКМО орындалды, ағымдағы жылы 5 ай ішінде 70 перифериялық ЭКМО өткізілді. ЭКМО аппаратының тәулік бойы дайындығы қамтамасыз етіледі.

Айта кету керек, Ресей Федерациясының заңдары бойынша органдарды алуға туыстарының келісімі қажет емес. Донорлық стационардың кезекші дәрігері  Мәскеудегі орган донорлығын үйлестіру орталығына әлеуетті донордың бар екендігі туралы хабарлайды. Орталық мамандары донорды органдарды алуға дайындаумен айналысады.

Жүрек трансплантациясы ең жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін мамандардың жоғары біліктілігін талап етеді, бүгінгі таңда созылмалы жүрек қызметі жеткіліксіздігінің соңғы кезеңін емдеудің ең тиімді әдістерінің бірі. Осы тұрғыда КІАҒЗИ диагностикалық және емдік жабдықтармен техникалық жарақтандыруы күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, LVAD имплантациясы, жүрек операциялары кезінде және одан кейін қан айналымын қолдау үшін ЭКМО әдістері сәтті қолданылады. Бірақ донорлық органдардың жетіспеушілігі жүрек трансплантациясы бойынша операция жасау мүмкіндігін шектейді. Қазақстанда донорлық жүректі күту тізімінде 139 пациент, оның ішінде 7 бала бар.

Сайттағы материалдарды пайдаланған кезде
дереккөзге сілтеме жасау қажет