logo-preloader-min
0%
Загрузка ...

Дүниежүзілік аллергиямен күрес күні: өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болады

Жыл сайын 8 шілдеде әлемде Дүниежүзілік аллергиямен күрес күні атап өтіледі. Бұл күн — денсаулығымыз бен жақындарымыздың денсаулығы үшін бәрін дұрыс істеп жатырмыз ба деп ойлануға жақсы себеп.

«Егер денсаулығыңызда бірдеңе күмән тудырса, күтпей, дәрігермен кеңесіңіз. Аллергияны уақытында әрекет ету арқылы бақылауға болады. Ауру өмір сапасын айтарлықтай нашарлатып, кейде тіпті өмірге қауіп төндіруі мүмкін», — дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Республикалық аллергология орталығының басшысы, аллерголог-иммунолог дәрігер Арай Батырбаева.

ДДҰ мәліметтері бойынша, бүгінде аллергиялық аурулармен планета халқының шамамен 30% зардап шегеді. Ірі қалаларда бұл көрсеткіш жоғары. Ауаның ластануы, дұрыс тамақтанбау, дәрі – дәрмектерді жөнсіз пайдалану, тері мен ішек микробиомасының өзгеруі аллергиялық реакциялардың өсуін тудырады. Аллергия көктемде мұрыннан су ағу мен түшкіруден бастап ауыр тері бөртпелеріне, бронх демікпесінде тұншығуға немесе тіпті анафилактикалық шокқа дейін әртүрлі жолдармен көрінуі мүмкін. Бірақ аллергияның негізгі қауіпті факторы — оның созылмалы сипаты және болжау мүмкін еместігі.

Ең жақсы емдеу – аурудың алдын алу. Аллергияның алдын алу оның салдарымен күресуден гөрі оңайырақ. Аллергиялық реакциялар қаупін азайтуға көмектесетін бірнеше ұсыныстар:

Тазалықты сақтаңыз, бірақ тым артық кетпеңіз. Шамадан тыс стерильділік -иммундық жүйенің жауы, әсіресе балаларда. Иммунитет қауіпсіз микроорганизмдермен бетпе-бет келгенде «жаттығуы» керек. Дегенмен, ылғалды тазалау жүргізу, әсіресе үйде аллергиямен ауыратындар болса, өте маңызды,.

Үйдегі аллергендерді бақылаңыз. Шаң кенелері, жануарлардың жүні, көгеру — мұның бәрі күшті тұрмыстық аллергендер. Гипоаллергенді жастықтар мен матрацтарды қолданыңыз, бөлмелерді желдетіңіз, ескі кілемдер мен жұмсақ ойыншықтарды жинамаңыз. Егер үй жануарлары болса, олардың гигиенасын қадағалаңыз.

Дұрыс тамақтаныңыз. Баланың диетасына әр түрлі тағамдарды ерте енгізу (педиатрдың ұсыныстарына сәйкес) тамақ аллергиясының даму қаупін төмендетуі мүмкін. Ересектер үшін жартылай дайын өнім тағамдары мен жасанды қоспалары бар тағамдарды шамадан тыс тұтынудан аулақ болу маңызды. Табиғи өнімдер – Сіздің ағзаңыз үшін аса қажет.

Ауруларды уақытылы емдеңіз. Созылмалы ринит, синусит, тері бөртпелері — бұл жай ғана суық тию немесе ауа-райына реакция емес. Дәрігерге баруды кейінге қалдырмаңыз: диагноз неғұрлым ерте қойылса, аллергияның ауыр түрге ауысуына жол бермеу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Өз-өзіңізді емдемеңіз. Антигистамин препараттар – бұл шешім емес. Барлық аллергиялар бірдей емделмейді. Мысалы, терінің көріністері аллергияға қарсы терапияны ғана емес, сонымен қатар қабынуға қарсы терапияны да қажет етуі мүмкін. Емдеудің оңтайлы режимін тек маман анықтай алады.

Маусымдық профилактиканы есте сақтаңыз. Егер сіз поллиноздан зардап шегетін болсаңыз (тозаң аллергиясы), емдеуді алдын-ала бастау керек — гүлдену кезеңінен 2-3 апта бұрын. Дененің аллергендерге сезімталдығын төмендетуге мүмкіндік беретін аллергенге тән иммунотерапия сияқты заманауи әдістер де бар.

Қазіргі заманғы медицина аллергиямен қалай күресуге болатындығын біледі, бірақ көп нәрсе науқастың өзіне байланысты. Өзіне күтім жасау, белгілерге назар аудару, алдын алу — бұл аллергиямен күресте денсаулықты сақтайтын үш маңызды фактор.

Ауырмаңыз — еркін тыныс алыңыз!

Сайттағы материалдарды пайдаланған кезде
дереккөзге сілтеме жасау қажет