https://www.ult.kz/post/kardiologiya-gzi-da-ushinshi-zhurek-transplantatsiyasy-satti-otti
Алматыда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында күрделі жүрек трансплантациясы операциясы сәтті жүзеге асырылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Операцияны кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев, UMC «Жүрек орталығының» маманы Светлана Новикова және анестезиологтар мен кардиохирургтар тобы жүргізді.
Донор Алматының Орталық қалалық ауруханасында мидың өлімі тіркелген 40 жастағы ер адам болды. Жүрек Талғар ауданында тұратын 43 жастағы пациентке ауыстырылды. Ол созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, ишемиялық кардиомиопатия және жүрек қақпақшаларының жетіспеушілігі диагнозымен ауырған.
Пациент бұған дейін миокард инфарктісін өткеріп, жүрегінің көп бөлігі тыртықтанып, жиырылмай қалған. Емдеу шараларына қарамастан, жағдайы нашарлап, жүректі трансплантациялауға кезекке тұрғызылды.
Кардиология ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимовтың айтуынша, жүрек трансплантациясы жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы науқастарды емдеудің тиімді әдісі болып табылады. Алайда донорлық ағзалардың жетіспеушілігі бұл мүмкіндікке мұқтаж барлық науқастарға көмектесуге кедергі келтіреді. Қазіргі таңда Қазақстанда жүректі трансплантациялауға кезекте 139 ересек және 7 бала тұр.
Операциядан кейін пациенттің жағдайы тұрақталып, оң динамика байқалды. Ол реанимациядан бейінді бөлімшеге ауыстырылды.