16 қыркүйекте Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына Франциядан AR-HR International директоры, доктор Флорес Вебер бастаған делегация келді.
Профессор Флорес Вебер, Жорж Помпиду–AP-HP Еуропалық аурухананың кардиология және тамыр аурулары бөлімшесінің меңгерушісі Элуа Марижон және Қазақстан-Франция денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі кеңесші Александра Тиркюр Менс Аймақтық медициналық ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында баяндама жасады. Шетелдік қонақтар интервенциялық кардиология, клиника жұмысы және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қонақтар клиника жұмысымен танысып, №1 және №2 терапия бөлімшелерінде, кардиология, эндоскопия және интервенциялық гастроэнтерология, кардиохирургия, жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылыстары, сәулелік, функционалдық және ультрадыбыстық диагностика бөлімшелерінде, қабылдау бөлімінде, рентгенэндоваскулярлық операциялық блокта, консультациялық-диагностикалық орталықта, клиникалық-диагностикалық зертханада, Пациенттер мектебінде, Телемедицина залында, Республикалық аллергология орталығында болды.
Сондай-ақ, жақында ашылған оңалту бөлімшесіндегі тұз шахтасын және Республикалық эндокринология және диабет орталығын аралап көрді.
Институт Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев институт қызметімен таныстырып, клиникада жүргізілетін әлемдік ең үздік стандарттарға сәйкес бірегей операциялар, жаңа технологиялар, заманауи клиникалық диагностика және емдеу әдістері туралы айтып берді, ғалымдарының ғылыми зерттеулерге қатысуы, резиденттерді даярлау және басқа да жұмыстармен таныстырды.
Терапиялық бөлімшелерде аутоиммундық және ішектің қабыну ауруларын емдеуде жоғары технологиялық инновациялық терапия (гендік-инженерлік биологиялық препараттар) сәтті қолданылуда. Парентералды тамақтануды қажет ететін науқастарға перифериялық орталық катетер (PICC) орнатылады. Эндоскопия және интервенциялық гастроэнтерология бөлімшесінде жетекші өндірушілердің эксперттік деңгейдегі эндоскопиялық жүйелері қолданылады. Эндоскопиялық биопсияларға ерекше көңіл бөлінеді. Алынған үлгілер институттың патоморфологиялық зертханасына жолданады.
Премиум-классты КТ аппаратының толық кардиожиынтығы мен 3D-визуализациясының болуы рентгенологтарға кез келген тексерісті бұрынғыдан 3 есе жылдам жүргізуге мүмкіндік береді. Аппарат үстелінің жүк көтергіштігі 250 кг дейінгі ірі пациенттерді де қабылдауға мүмкіндік береді.
Cobas Pure жүйесі клиникалық-диагностикалық зертханада 2 шаршы метр жерде биохимиялық, иммунохимиялық және ISE тестілерін жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе сағатына 870 тестке дейін (450 үлгіге дейін) орындай алады және 230-дан астам тест түріне қолжетімділік береді.
Франциядан келген қонақтар көргендерінен жақсы әсер алды.