logo-preloader-min
0%
Загрузка ...

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына Фудань университетінің (ҚХР) делегациясы келді

2025 жылғы 18 қыркүйекте Қытай Халық Республикасының Фудань университеті Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің медициналық қызметтерді ұйымдастыру, медициналық технологияларды бағалау және ауруханаларды басқару бойынша профессоры Иняо Чэн бастаған, құрамында доцент Ян Вэй және профессор ассистенттері бар делегациясы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына келді.

1905 жылы негізі қаланған Фудань университеті – Қытайдағы жетекші кешенді зерттеу университеттерінің бірі. Ал 1928 жылы құрылған Фудань университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі – Қытайда осы бағыттағы алғашқы мамандандырылған оқу орны  және бүгінде көшбасшылық орнын сақтап келеді.

Делегацияның институтқа келудегі мақсаты – ауруханалардың операциялық қызметін және медициналық қызметтердің сапасын басқару, инновациялық медициналық технологияларды бағалау салаларында өзара ынтымақтастық орнату.

Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет бойынша орынбасары Жамиля Қайбуллаева институттың қызметімен таныстырды. Клиниканы аралау барысында делегация мүшелері рентгенэндоваскулярлық операция блогы, клиникалық-диагностикалық зертхана, ақылы соматикалық, сәулелік, функционалдық және ультрадыбыстық диагностика, кардиохирургия, жақында тұзды шахта ашылған физиотерапия бөлімшелерінің  және қабылдау бөлімінің жұмысымен танысты.

Институттың жетекші мамандары мен бөлім меңгерушілері қонақтарға көрсетілетін қызметтер, клиникада жүргізілетін бірегей операциялар, енгізіліп жатқан жаңа технологиялар, әлемдік үздік стандарттарға сай келетін заманауи диагностика мен емдеу әдістері туралы айтып берді.

Делегацияның КІАҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевпен кездесу барысында медициналық ұйымдардың қызметін басқару, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және инновациялық технологияларды енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Сайттағы материалдарды пайдаланған кезде
дереккөзге сілтеме жасау қажет