Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевтің жетекшілігімен анестезиологтар мен кардиохирургтар тобы биылғы жылы үшінші жүрек трансплантациясын жасады. Донорлық жүректі алғашқы рет трансплантациялау клиникада 2023 жылы жүргізілген болатын, бүгінге таңда барлығы 4 трансплантация жасалды.
Донор – Алматы қ. Орталық қалалық клиникалық ауруханасына түскен 63 жастағы әйел адам, дәрігерлер ми өлімін тіркеген.
Жүрек 36 жастағы алматылық ер адамға салынды. Ол дилатациялық кардиомиопатия, сол жақ қарынша қуысында тромб, шығарылу фракциясы өте төмен (24%) созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігіне шалдыққан. Емдеу нәтиже бермеген соң, оған кардиовертер-дефибриллятор имплантацияланған және жүрек трансплантациясына үміткерлер тізіміне енгізілген.
«Өкінішке қарай, соңғы кезеңдегі созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастар саны жылдан жылға артып келеді. Алайда донорлық органдардың тапшылығына байланысты жүрекке мұқтаж барлық науқастарға трансплантация жасау мүмкін болмай отыр. Біздің пациентке ұзақ күтудің қажеті болмады – сәйкес донор табылды.
Осы күрделі үдерісті ұйымдастыру және үйлестіру ісінде үлкен қолдау көрсеткен Республикалық трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығына және оның басшысы Айдар Кенжетайұлына алғысымыз шексіз. Соңғы жылдары Орталық елімізде трансплантология қызметін дамыту бағытында белсенді жұмыс атқарып келеді. Сондай-ақ қаладағы медициналық ұйымдардағы әріптестерімізге көмегі үшін, ал донор отбасының парасатты шешімі мен өмірлерді құтқарғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз», – деді клиниканың бірінші басшысы Рүстем Төлеутаев.
Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мақсат Жақаевтың айтуынша, жүрек трансплантациясы – жүрек қызметі жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы ең тиімді емдеу әдісі. Бұл операция басқа емдеу тәсілдері нәтиже бермей, науқастың жағдайы аса ауыр болған кезде жасалады. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы тұрақты, оң динамика байқалуда. Ол реанимация бөлімшесінен профильді бөлімшеге ауыстырылды. Енді оған толыққанды өмір сүре алады.
Донор туыстарының келісімінің арқасында дәрігерлер 6 адамның өмірін сақтап қалды. Жүректен бөлек, бірнеше маңызды мүшелер — бауыр, оң және сол бүйрек, екі көздің қабығы (роговица) трансплантацияланды.
Бүгінде Қазақстанда жүрек трансплантациясына кезекте 143 ересек және 6 бала тұр.


