Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының ұжымы танымал дәрігер, Қазақстан медицина ғылымдары академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Армен Рысмендиевті 85 жылдығымен құттықтады. Армен Жақсыбекұлы 20 жыл бойы еліміздің осы ірі кардиологиялық орталығын басқарды. Оның жетекшілігімен Кардиология ҒЗИ республикамыздағы кардиология саласындағы бас ғылыми және ұйымдастыру-әдістемелік орталыққа айналды.
Басқарма төрағасының стратегиялық және қаржы-экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ермек Тәжімұрат пен емдеу жұмысы жөніндегі директор Гүлнара Оспанова құттықтау сөз сөйлеп, оның медицина ғылымының дамуына, жалпы республиканың денсаулық сақтау саласына, қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуға және жақсартуға қосқан баға жетпес үлесін атап өтіп, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасына амандық тіледі.
Академик Рысмендиев Қазақстанда кардиология ғылыми мектебін құрды. Оның бастамасымен кардиология бойынша докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес, клиникалық аспирантура, докторантура және резидентура құрылды, онда ондаған дәрігерлер, жүздеген медицина ғылымдарының кандидаттары дайындалды. Олардың көпшілігі ҒЗИ директорлары, кафедра меңгерушілері, Қазақстанның жетекші ғалымдары болды.
Ұзақ жылдар бойы Армен Жақсыбекұлымен бірге жұмыс істеген шәкірттері — бүгінгі күні еліміздің медицина саласындағы жетекші мамандар мерейтой иесін құттықтап, оған қолдау көрсеткені үшін, олар үшін дана ұстаз болғаны үшін алғыстарын білдірді. Олар оның өмірлік және еңбек жолы – өз ісіне адал қызмет етудің үлгісі екенін атап өтті.
Армен Жақсыбекұлы өзінің өмірлік және практикалық тәжірибесін жастармен бөлісе отырып, институтта жұмысын әлі де жалғастыруда.