Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында өңірлік медициналық ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету мәселелері бойынша Координациялық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінің денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері мен штаттан тыс бас мамандары қатысты.
Қатысушыларға онлайн режимде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнара Сәрсенбаева сөз сөйлеп, кеңес жұмысына сәттілік пен конструктивті ұсыныстар тіледі.
Отырысты ашқан КІАҒЗИ бірінші басшысы Рүстем Төлеутаев: «ҚР ДСМ бұйрығына сәйкес, біздің институтқа кардиология және аритмология бағыттары бойынша 9 өңір бекітілген. Эндокринология, нефрология, гастроэнтерология, аллергология және орфандық патологиялар бойынша ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс барлық 20 өңірде жүргізілуі тиіс. Созылмалы инфекциялық емес аурулар денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Осыған байланысты ішкі ағза ауруларын ерте диагностикалауды, пациенттерді мультидисциплинарлық тәсілмен емдеуді, диагностика мен емдеуде инновациялық әдістерді енгізуді дамыту маңызды. Сондай-ақ институт мамандары мен өңірлік мамандар арасындағы өзара бірлескен жұмыс жүргізу де шешуші рөл атқарады. Ішкі бұйрыққа сәйкес, әр бағыт бойынша жауапты қызметкерлер мен сарапшылар бекітілген»,-деді.
Координациялық кеңесте Франциядан келген әріптестер баяндама жасады: доктор Флорес Вебер – AR-HR International директоры, Элуа Марижон – Жорж Помпиду ат. Еуропалық аурухананың кардиология және қан тамырлары аурулары бөлімшесінің меңгерушісі, Александра Тиркюр Менс – Қазақстан-Франция денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі кеңесші. Шетелдік қонақтар интервенциялық кардиология, клиника жұмысы және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісті.
Отырыс барысында орталық пен өңірлер арасындағы тиімді өзара әрекеттестік мәселелері талқыланып, жұмыс жоспары мен институт мамандарының өңірлерге шығу кестесі келісілді.
Сондай-ақ, Координациялық кеңесте Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласының барлық терапиялық бағыттар бойынша штаттан тыс бас мамандарының атқарылған жұмысы туралы есептері тыңдалды. Бұдан бөлек, институттың әрбір жауапты маманы өз саласы бойынша өңірлік бас мамандармен жұмыс кеңесін өткізіп, жергілікті деңгейдегі негізгі проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылады.