Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының эпидемиолог дәрігері Гүлнар Төлепова Түркияның Стамбул қаласындағы Аджибадем Мехмет Али Айдынлар университеті клиникасында өткен «Денсаулық сақтау ұйымдарындағы инфекциялық бақылау» атты халықаралық семинарға қатысты.
Біліктілікті арттыру барысында клиниканың орталықтандырылған зарарсыздандыру бөлімінің, кір жуу орнының және медициналық мақсаттағы пайдаланылған бұйымдарды қабылдау мен стерильді материалдарды сақтау жүйесінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ құрылыс және жөндеу жұмыстары кезінде қызметкерлер, пациенттер мен жұмысшылардың қозғалыс жоспары, қол гигиенасын сақтау стандарттары және бұйымдарды алдын ала зарарсыздандырудан кейін қаптау тәсілдері сияқты инфекциялық бақылау элементтерімен танысты.
Мұндай тағылымдамалар мамандардың халық денсаулығын қорғау саласындағы кәсіби құзыреттерін арттыруға, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық саулықты қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын жетілдіруге мүмкіндік береді.


