Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да сол жақ жүрекше құлақшасы окклюдерін имплантациялау бойынша жоғары технологиялық операциялар сәтті жасалуда. Антикоагулянттық терапия мүмкін болмаған жағдайда немесе қан кету қаупі жоғары болған кезде инсульттің алдын алу үшін жүрекше фибрилляциясы бар науқастарға сол жақ жүрекше құлақшасының окклюдерін имплантациялау оталары жасалады.
Сол жақ жүрекше құлақшасында пайда болған, кез келген уақытта ми тамырларына қан арқылы енуі мүмкін тромбтар мұндай науқастар үшін өте қауіпті. Аритмияның бұл түріндегі асқынулар мүгедектік немесе өлім жағдайына әкелуі мүмкін.
68 жастағы науқас синус түйінінің әлсіздік синдромы, жүрекше фибрилляциясының тұрақты түрі, 10 секундқа дейін кідіріспен тахи-брадикардия, есінен тану алдындағы күй, созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігі, ишемиялық типтегі ми қан айналымы жедел бұзылысы, сол жақ спастикалық гемипарез және симптоматикалық эпилепсия диагнозымен клиникаға түсті.
«Жүрекшелердің фибрилляциясы кезінде тромбтардың пайда болуын болдырмау үшін пациенттерге антикоагулянттық терапия ұсынылады. Бірақ кейбір жағдайларда антикоагулянттарды қолдануға қарсы көрсеткіштер болуы мүмкін. Біздің пациентте оған төзімсіздік, мұрыннан қан кету, гематурия байқалды, сонымен қатар ол бірнеше рет инсульт алған», — дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ аритмологиялық қызметінің аға ординаторы, интервенциялық аритмолог Асылхан Парымбеков.
«Шағымдарды, анамнез деректерін, 2022, 2023 және 2024 жылдары ми қан айналымының жедел бұзылуынан кейінгі жағдайын, тромбоцитопенияны, өте жоғары ишемиялық және геморрагиялық қауіптерді, пациенттің қалауын ескере отырып, сол жақ жүрекше құлақшасының рентгендік — эндоваскулярлық окклюзиясын жүргізу ұсынылды», — деді дәрігер.
Әдістеменің айқын артықшылықтары бар: аз инвазивтілік, пациенттің тез оңалуы, асқынулардың алдын-алу, кейіннен антикоагулянттарды қабылдау қажеттілігінің болмауы.
Сол жақ жүрекше құлақшасы окклюдерін имплантациялау операциясынан кейін 6-шы күні науқас стационардан шығарылды. Жағдайын бақылауда ұстау үшін 3 айдан кейін ол өңеш арқылы ЭХО-кардиография өтуі керек.