ҚР ДСМ бас ревматологы, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Республикалық ревматология орталығының басшысы Ғалымжан Тоғызбаев Шымкент қаласына іссапармен барды. Сапар барысында Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Дүйсенбаевамен, С.Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы бөлімінің басшысы Гүлжан Мұқановамен, Шымкент қаласының штаттан тыс бас ревматологы Фарида Қалдыбековамен кездесті. Кездесу барысында №2 қалалық аурухана базасында Ревматологиялық орталық құру, сондай-ақ №2, 4, 8, 9, 10 және 12 қалалық емханаларда ревматолог мамандардың тапшылығы мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, мамандардың біліктілігін арттыру, жас кадрларды тарту және олар үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасау, орта буындағы медицина қызметкерлерін оқыту мәселелері де көтерілді.
Сапар аясында Шымкент қаласының ревматологтарының, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Х.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқып жатқан ревматолог резиденттерінің қатысуымен «Ревматолог мектебі» өткізілді. Іс-шарада жүйелі қызыл жегі мен ревматоидты артрит сияқты аурулар бойынша тіркелім құру, ревматологиялық қызметті дамыту келешегі жөнінде мәселелер қозғалды. Сонымен бірге, осы ауруларды заманауи диагностикалау және емдеу әдістері бойынша материалдар ұсынылды.
Ғалымжан Асылбекұлы Шымкент қаласында Ревматологиялық орталық ашудың ұйымдастырылуы мен даму болашағы туралы айтып өтті. Оның айтуынша, ревматологиялық орталық ашылған жағдайда ревматологиялық ауруларды диагностикалау сапасы жақсарып, науқастарды динамикалық бақылау жүргізіледі, базистік препараттарды уақытылы тағайындау қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде пациенттердің өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.