logo-preloader-min
0%
Загрузка ...

КІАҒЗИ ұжымы көрнекті қазақстандық кардиолог, м.ғ.д., проф. Бағира Төкешеваның қайтыс болуына байланысты туған-туыстарына көңіл айтады

77 жасқа қараған шағында көрнекті қазақстандық кардиолог дәрігер, ғалым және педагог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төкешева Бағира Шәріпбайқызы өмірден өтті.

Медициналық қауымдастық талантты, ерекше тұлғаны және нағыз кәсіби маманды жоғалтты. Ол бүкіл ғұмырын халқына қызмет етуге, таңдаған еңбек жолына арнаған жан еді. Өмірде де, мамандықта да жоғары ұстанымы, ғылыми-клиникалық мол тәжірибесі жас мамандарды тәрбиелеу мен елдің кадрлық әлеуетін қалыптастыру ісінде үлгі болуына мүмкіндік берді.

Бағира Шәріпбайқызы жарты ғасырдан астам уақытты кәсіби қызметке арнады. Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін тәмамдаған соң, еңбек жолын Жамбыл қалалық №1 ауруханасында учаскелік терапевт дәрігер болып бастады.

Ол 1978-2002 ж.ж. Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институтында отандық ғылыми-практикалық кардиологияны дамытуға белсене атсалысып, аға лаборанттан бастап медицина ғылымдарының докторы, жүректің ишемиялық ауруы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкеріне дейінгі еңбек жолынан өтті. Жедел коронарлық синдром саласындағы батыл ғылыми ізденістері нәтижесінде көптеген инновациялық еңбектері (монографиялар, өнертабысқа патенттер, оқу құралдары, әдістемелік ұсынымдар, сондай-ақ халықаралық және республикалық журналдардағы мақалалар мен тезистер) және кардиологтардың халықаралық конгрестеріндегі баяндамалары жарияланды.

2003 жылдан бері Бағира Шәріпбайқызы педагогикалық қызметті де жемісті атқарып, №1 ішкі аурулар кафедрасының гепатология курсы бойынша меңгерушісі әрі профессоры ретінде дәрігерлердің жаңа буынын тәрбиелеуге орасан зор үлес қосты.

Оның көпжылдық жемісті еңбегі мемлекет тарапынан бағаланды. Республика халқының денсаулығын қорғау ісіне қосқан зор үлесі үшін «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстанның үздік кардиологы» (2015ж.), С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Құрметті ардагері» төсбелгілерімен марапатталды.

Бағира Шәріпбайқызы тамаша жан, терең ойлы ғалым және мейірімді ұстаз болды.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басшылығы мен ұжымы марқұмның туған-туыстарына, жақындарына, әріптестері мен достарына, бүкіл медициналық қауымдастыққа қайғыра көңіл айтады.

Бағира Шәріпбайқызының жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Сайттағы материалдарды пайдаланған кезде
дереккөзге сілтеме жасау қажет