Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және цифрлық трансформация арқылы оларды шешу» атты Жолдауында мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға жүйелі түрде күш салып жатқанын атап өтті.
Үкіметке барлық бастамалар мен жобаларды біріктіретін «Digital Qazaqstan» атты цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған біртұтас тұжырымдамалық құжатты әзірлеу тапсырылды.
«Мемлекетті цифрлық трансформациялау – халықтың өмірін жақсартуға апарар жол», – деп атап өтті Президент.
Елімізде медициналық нысандар кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Бұл – нысандарды салу мен қайта жаңарту, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау, жаңа технологияларды енгізу және мамандардың біліктілігін арттыру. Мұның барлығы халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Осы орайда айта кететін жай, клиникалық-диагностикалық зертхана денсаулық сақтау жүйесінде маңызды рөл атқарады. КДЗ зерттеулерінің жылдам әрі нақты нәтижелері ауруларды диагностикалау, алдын алу, емдеу барысын бақылау және науқастың жалпы жағдайын бағалауда маңызды. Біз сондай-ақ жаңа диагностикалық әдістерді енгізуге, медициналық қызмет сапасын арттыруға атсалысып келеміз.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының клиникалық-диагностикалық зертханасы жоғары деңгейдегі заманауи кешенді зерттеулер жүргізу арқылы кәсіби медициналық қызмет көрсетеді.
Біздің басты мақсатымыз – диагностиканы қолжетімді, ыңғайлы және ақпараттық тұрғыдан толық ету.
Зертхана заманауи жабдықтармен толық жабдықталған. Барлық автоматты және жартылай автоматты анализаторлар бірыңғай компьютерлік ақпараттық жүйеге біріктірілген, бұл зерттеулердің барлық кезеңдерінде бақылауды қамтамасыз етеді. Медициналық және зертханалық ақпараттық жүйелер арасында деректер алмасу реттелген, бұл зерттеу нәтижелерін дәрігерге қысқа мерзімде жеткізуге мүмкіндік береді. Зерттеулер сапасына көпдеңгейлі бақылаудың арқасында қателікке жол берілмейді.
Қазіргі уақытта біз халықаралық стандарттарға сәйкестік бойынша аккредитацияға дайындалып жатырмыз. Бұл – зертхана пайдаланушыларының зерттеу нәтижелерінің дәлдігі мен зертхана құзыреттілігіне сенімділігін арттыруға бағытталған.
Гүлсім Асқарова,
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ
клиникалық-диагностикалық зертханасының меңгерушісі,
медицина ғылымдарының магистрі