Медицина қызметкерлері күні аясында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ бірқатар қызметкерлері марапатталды.
Кәсіби мерекемен құттықтай отырып, Басқарма төрағасы Марат Пашимов: «Сіздер қиындығы мол, бірақ абыройлы мамандықты таңдадыңыздар. Дәрігер мамандығы — жан-тәнімен беріліп жұмыс істеуді, жан-жақты терең білімді, жоғары біліктілікті талап етеді және адамзат өмірінің барлық кезеңдерінде қажет. Медицинада ең бастысы – біліктілік, құзыреттілік, жауапкершілік және адамдарға көмек көрсетуге деген ықыластың болуы. Сіздерге денсаулық, бақыт, амандық және жаңа кәсіби жетістіктер тілеймін, деді.
«Еңбек ардагері» медалімен фельдшер лаборант Сәнімкүл Мырзамұратова мен мейіргер Салтанат Сауданбекова, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен соматикалық ақылы бөлімшенің меңгерушісі Гаухар Ысқақова, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру департаментінің әдіскері Гүлмира Бүркітбаева және консультациялық-диагностикалық орталықтың кардиолог дәрігері Ботагөз Қыстауова марапатталды. «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен кардиология кафедрасының профессоры Күлзида Кошумбаева, КДО басшысы Гузель Исхакбаева, ішкі аурулар кафедрасының ассистенті Алмагүл Жұмабаева марапатталды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасына Адами ресурстарды басқару және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің маманы Назгүл Тұрсынбаева, фельдшер зертханашы Розалия Сребродольская, тіркеуші Татьяна Кабишева, санитар-буфетші Зейнеш Бозымбаева ие болды. Денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хаттары жоспарлау және экономикалық талдау бөлімінің бас маманы Ақбота Кеңесбекке, шаруашылық меңгерушісі Мұқағали Бектөреевке, санитар Зәуре Батырхановаға және санитар- буфетші Минара Өтемісоваға табысталды. 5 маман институт әкімшілігінің грамоталарымен, 16 адам кәсіподақ комитетінің марапаттарын алды.
Профессор, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Әбдікалиев ұжым атынан Марат Орумбасарұлына жоғары кәсіби шеберлігі, стратегиялық ой-өрісі мен адами қасиеттері үшін шынайы алғыс сөздері жазылған Алғыс хат табыс етті. Сонымен қатар, ұжым ардагері Құрманғазы Мадалиев Қазақстан Республикасының Білім министрі Ғани Бейсембаевтың бірінші басшыға жолдаған құттықтауын оқып берді.