Темекі шегу – қазіргі заманның ең зиянды әдеттерінің бірі болып қала береді. Біз оның өкпе қатерлі ісігімен, инфаркт және инсультпен байланысы жайлы жиі естиміз, алайда баяу, бірақ тоқтаусыз дамитын ауру — өкпенің созылмалы обструктивті ауруына (ӨСОА) азырақ назар аударамыз.
Қазақстандағы ересек тұрғындардың шамамен 21–22%-ы темекі тұтынады. Ер адамдар арасында бұл көрсеткіш 38%, әйелдер арасында 6–10% шамасында. 13–15 жастағы жасөспірімдердің 3%-ы тұрақты түрде темекі шегеді. Темекі шегушілердің 90%-ға жуығы күн сайын орта есеппен 11–12 тал темекі шегеді. Бұл деректер темекі шегудің денсаулыққа төндіріп отырған үлкен қауіп екенін көрсетеді.
Халықтың ақпараттану деңгейінің артуына қарамастан, миллиондаған адам темекіге байланысты аурулардан зардап шегіп, көз жұмуда. Солардың бірі — ӨСОА.
«ӨСОА — бұл тыныс алу жүйесінің созылмалы қабыну ауруы. Онда тыныс жолдары тарылып, өкпе тіні бұзылады. Ауру біртіндеп дамиды және ұзақ уақыт бойы байқалмауы мүмкін. ӨСОА екі негізгі жағдайды қамтиды: созылмалы бронхит — қақырықты тұрақты жөтел және өкпе эмфиземасы — альвеол қабырғаларының бұзылуы. Бұл екі жағдай да тыныс алуды қиындатып, ағзада оттегінің жетіспеушілігіне әкеледі», — дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №2 терапия бөлімшесінің пульмонолог дәрігері Аида Жәділ.
Басты себеп — темекі шегу. ӨСОА жағдайларының 90%-ға жуығы ұзақ мерзімді темекі шегумен байланысты. Темекі түтіні бронхтарда созылмалы қабыну тудырып, өкпе тінінің серпінділігін жояды және тыныс жолдарының қалыпты тазалануына кедергі келтіреді. Тіпті пассивті темекі шегу де ӨСОА даму қаупін арттыра алады.
Алғашқы белгілер байқалмауы мүмкін, бірақ төмендегілерге назар аудару қажет:
- 3 айдан астам уақытқа созылатын созылмалы жөтел, әсіресе таңертең;
- Қақырықтың бөлінуі (көбіне түссіз, бірақ өршу кезінде сары немесе жасыл түске айналуы мүмкін);
- Демігу физикалық күш түскенде (мысалы, баспалдақпен көтерілгенде).
Ауру асқынған сайын адамға тыныс алу тіпті тыныштықта да қиынға соғады.
ӨСОА-ны толық емдеу мүмкін емес, бірақ:
- Темекіні тастау — аурудың дамуын баяулататын шешуші қадам;
- Дәрі-дәрмек терапиясы ауру белгілерін бақылауда ұстауға көмектеседі;
- Тыныс алу жаттығулары, дұрыс тамақтану және вакцинация (мысалы, тұмау мен пневмококкқа қарсы) өмір сапасын айтарлықтай жақсартады.
Ауыр жағдайларда оттегі терапиясы немесе хирургиялық ем тағайындалады.
ДСҰ деректері бойынша, ӨСОА — әлем бойынша өлім-жітім себептерінің ішінде үшінші орында. Науқастардың көбі диагнозды тым кеш біледі — өкпедегі өзгерістер қайтымсыз кезеңде анықталады. Дегенмен, темекіні кез келген кезеңде тастау аурудың болжамын едәуір жақсарта алады.
ӨСОА баяу дамығанымен, ағзаға ауыр зиян келтіреді. Темекі шегу — бұл аурудың басты қоздырушысы, ал одан бас тарту — еркін тыныс алып, ұзақ өмір сүруге мүмкіндік береді.
Егер Сіз темекі шегетін болсаңыз — оны тастаудың ең дұрыс уақыты кеше болған.


