logo-preloader-min
0%
Загрузка ...

Өмір үшін интеграция: медицинадағы пәнаралық көпір. Қазақстан мен Өзбекстан – денсаулық жолында бірге

Өзбекстандағы Қазақстан медицинасы күндері аясында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев бастаған интервенциялық аритмологтар мен кардиологтар, кардиохирургтар, эндокринологтар және эндоскопистерден құралған мамандар тобы Ферғана, Нүкіс және Ташкент қалаларында болды.

Өзбекстанның Республикалық мамандандырылған ғылыми-тәжірибелік кардиология медициналық орталығында интервенциялық аритмолог Асылхан Паримбековтың жетекшілігімен мастер-класс өтті. Ол жүрек ырғағын түзетуге арналған барлық араласу түрлерін – электрокардиостимуляторлар мен дефибрилляторларды орнату, күрделі радиожиілік абляция мен криоабляция процедураларын көрсетті. Жүрекшелердің фибрилляциясы кезінде өкпе тамырларын криоабляциялау орындалды. Аритмология саласында бірлескен ғылыми зерттеулер мен тәжірибе алмасуға жол ашатын КІАҒЗИ мен РМҒТКМО арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Кардиохирургтар бригадасы бөлімше меңгерушісі Максат Жақаевтың басшылығымен РМҒТКМО Ферғана қаласындағы филиалында бірқатар оқыту және емдеу шараларын өткізді. Команда құрамында кардиохирург Ғалымжан Сұлтанов, жасанды қан айналымы зертханасының жетекшісі Ақан Баграмов және анестезиолог-реаниматолог Артем Никитенко болды. Өміріне қауіп төндірген жүрек ақаулары бар 2 егле пациентке операция жасалды. Дәрігерлер митралды қақпақшаны протездеу, трикуспидалды қақпақшаны пластика жасау, шунттау және жүрек ырғағы бұзылыстарын түзету бойынша кешенді араласу жүргізді: бірі — Эбштейн аномалиясы бар 65 жастағы ер адамға, екіншісі — жүректің ишемиялық ауруы мен ауыр стенозы бар 75 жастағы әйелге. Команда 15 пациентке кеңес беріп, жергілікті мамандарға арналған дәрістер өткізді.

16 қазанда КІАҒЗИ басшысы Рүстем Төлеутаев Ташкенттегі Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық медициналық орталығында кардиохирургтар тобын бастап, миокардтың обструктивті гипертрофиясы және SAM-синдромы бар 65 жастағы пациентке операция жасады. Морроу әдісімен миоэктомия және митралды қақпақшаға түзету жүргізілді. Сондай-ақ, жасанды қан айналымы аппаратымен жұмыс істеуге арналған перфузиология бойынша озық әдістерді көрсету және енгізу жөнінде мастер-класс өткізілді.

Рентгенэндоваскулярлық операциялық блоктың меңгерушісі Алексей Колексников Карақалпақстандағы РМҒТКМО филиалында және Ташкенттегі Ұлттық медициналық орталығында күрделі интервенциялық коронарлық араласулар бойынша 9 операция жасап, мастер-класс өткізді. Операция барысында визуализация технологияларын, бифуркациялық стенттеу әдсін және толық окклюзияларды реканализациялауды қолданды. Бұған дейін араласу сәтсіз аяқталған бір пациентке оң жақ коронарлық артерияның реканализациясы жүргізілді. Ішкі тамырішілік ультрадыбыстық зерттеу арқылы жасалған операция сәтті өтті. Жергілікті интервенциялық мамандармен 2 науқасқа операция жасады. 5 пациентке кеңес беріліп, ұсыныстар жасалды. Стент қою әдістемелері мен шешім қабылдау тактикасы бойынша семинарлар өткізілді. Болашақтағы ынтымақтастық жоспарлары мен мастер-кластарын өткізу талқыланды. Сонымен қатар, кальцийленген коронарлық зақымдануларға ТІУДЗ және ротаблация қолдану арқылы 2 операция  өткізілді.

17 қазанда өткен «ҚАЗАҚСТАН – ӨЗБЕКСТАН: денсаулық сақтау, технологиялар және кадрлар саласындағы ынтымақтастық» форумының аясында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты мен Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық медициналық орталығы арасында екіжақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Өзбекстандағы миссия Қазақстан медицинасын экспортқа бағытталған салалар қатарына жатқызуға болатынын және КІАҒЗИ Орталық Азиядағы ұлттық деңгейдегі референс орталық ретіндегі мәртебесін нығайтқанын көрсетті.

 

Сайттағы материалдарды пайдаланған кезде
дереккөзге сілтеме жасау қажет