Бүгін С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ клиникасы болып табылатын Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына Өзбекстанның Фармацевтикалық білім беру және зерттеу институтының медициналық-биологиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Немат Гафуров бастаған, құрамында «емдеу ісі» мамандығы бойынша оқитын 2 және 3 курс студенттері бар делегациясы келді.
Мақсаты: университеттің академиялық ұтқырлығы аясында білім беру және ғылыми-инновациялық қызмет салаларында жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту.
Қонақтар институттың клиникалық және параклиникалық бөлімшелерін аралады. Институт қызметкерлері қонақтарға мекеменің 48 жылдық тарихы мен қызметі, сондай-ақ ауыр кардиологиялық және терапиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде қолданылатын заманауи жабдықтар мен технологиялармен таныстырды.
Студенттер Қазақстандағы кардиология, кардиохирургия және ішкі аурулар саласындағы жетекші ғылыми орталық болып табылатын институттың жұмысына шынайы қызығушылық танытты.