«МӘМС және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру шеңберінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 11 нозологияны қамтитын әлеуметтік маңызы бар аурулардың жаңартылған тізбесі күшіне енеді.
Дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы, қант диабеті сияқты аурулар динамикалық бақылауға жататын аурулар тізбесіне енгізіліп, МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылатын болады.
Бұл өзгеріс медициналық көмектің қолжетімділігі мен көлеміне әсер етпейді. Тек қаржыландыру көзі өзгереді, ал мемлекеттік кепілдіктер деңгейі бұрынғысынша сақталады. Созылмалы аурулары бар барлық пациенттер амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді толық көлемде алады.
«Қант диабетімен ауыратын науқастар үшін де барлық кепілдіктер сақталады. Көмектің барлық түрлері – диагностика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, динамикалық бақылау, тәулік бойғы және күндізгі стационарлық көмек толық көлемде көрсетіледі. Диспансерлік есептегі пациенттердің 92%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Қант диабетімен ауыратындар заманауи инсулиндермен және өзін-өзі бақылау құралдарымен (глюкометрлер және тест-жолақтар) қамтамасыз етіледі, ал 18 жасқа дейінгі балалар үздіксіз тері астына инсулин енгізуге арналған помпалармен және олардың шығын материалдарымен қамтамасыз етіледі. Аурудың асқынған түрлері кезінде емдеу шығындарын мемлекет өз есебінен өтейді», – деп түсіндірді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Республикалық эндокринология және диабет орталығының жетекшісі Лаура Даньярова.
Ресми жұмысы жоқ азаматтар үшін жергілікті атқарушы органдар арқылы мемлекеттік сақтандыру тетігі көзделген. Бұл олардың МӘМС жүйесі аясындағы барлық медициналық көмекті, соның ішінде қымбат диагностикалық қызметтерді алуына мүмкіндік береді. Сақтандырылған азаматтар үшін медициналық көмек тегін болып қала береді. Балалар, мүгедектер, жұмыссыздар және әлеуметтік осал азаматтар мемлекет есебінен толық сақтандырылған.


