logo-preloader-min
0%
Загрузка ...

Рүстем Төлеутаев: біз пациенттерімізге жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетуге ұмтыламыз

Мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген бағдарламалық сұхбатын үлкен қызығушылықпен оқып шықтым. Сұхбат еліміздің өмірінің барлық салаларын қамтиды. Біз медициналық ұйым саласында еңбек ететіндіктен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер ерекше қызығушылық тудырды.

Мемлекет басшысы медициналық туризмді дамыту мәселелеріне тоқталып өтті: «Астана мен Қазақстанның басқа қалалары да  туризмнің тартымды орталықтарына айналғаны қуантады. Тексеруден өтіп, сапалы ем алу үшін Қазақстанға тек көршілес елдердің ғана емес, тіпті АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінің азаматтары да келуде. Бұл қазақстандық денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімнің артқанын және отандық медицинаның бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді».

Осы орайда, біздің клиникада медициналық туризмді дамытып, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және қазақстандық медицинаның халықаралық деңгейдегі беделін көтеру бағытында жұмыс жүргізіп жатқанымызды атап өткім келеді. Біздің Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен, ғылыми-зерттеу және клиникалық базамен қамтамасыз етілген. Біз диагностика мен емдеудің заманауи технологиялары мен әдістерін қолданамыз. Институтта жоғары білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Бізге республиканың барлық өңірлерінен, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден емделуге келеді.

Соңғы жылдары институтта Ұлыбритания, Германия, Нидерланд, Үндістан, Польша, Моңғолия, Қытай, Куба, Ауғанстан, Ресей Федерациясы, Грузия, Армения, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары, сондай-ақ тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтары ем алды.

Медициналық туризм аясында біз келесі қызметтерді көрсетеміз:

  • кардиология және кардиохирургия: жүректің туа біткен және жүре пайда болған ақауларын, жүректің ишемиялық ауруын, жүрек қызметінің жеткіліксіздігін, жүрек ырғағының бұзылыстарын емдеу;
  • интервенциялық кардиология және аритмология: жүрек ауруларын емдеуге арналған минималды инвазивті процедураларды жүргізу;
  • ішкі ағзалар патологиясын диагностикалау және емдеу: сәулелік, эндоскопиялық және зертханалық диагностиканың толық спектрі, функционалдық әдістер, МРТ, МСКТ, бейнекапсулалық эндоскопия, энтероскопия және эндоскопиялық УДЗ;
  • оңалту: жүрекке жасалған операциялардан кейін қалпына келуге арналған кешенді бағдарламалар.

2024 жылы институт халықаралық стандарттарға сәйкестігін тағы да растап, JCI қайта аккредитациясынан өтті. JCI стандарттары денсаулығын, тіпті кей жағдайда өмірін бізге сеніп тапсыратын пациенттерге күтім жасау мен олардың қауіпсіздігіне бағытталған. JCI аккредитациясы пациенттерге клиникаға сенуге болатынын көрсетеді. Біз JCI ұсынатын құралдарды пайдалана отырып, қызмет сапасын үнемі жақсартуға ұмтыламыз.

Ағымдағы жыл Мемлекет басшысы тарапынан Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу экономиканы және өмірдің көптеген салаларын дамыту үшін – мемлекеттік басқарудан бастап білім беру мен медицинаға дейін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Мысалы, біздің институтта қазіргі таңда коронарлық артерияларды көрудің ең заманауи жоғары технологиялық әдістерінің бірі – жасанды интеллектіні қолданатын Avvigo+ жаңа буындағы тамырішілік ультрадыбыстық зерттеу  енгізілді. Бұл озық технология интервенциялық коронарлық араласулардың сапасын едәуір арттырып, дәрігерлерге коронарлық артериялардың зақымдануын дәл өлшеуге мүмкіндік береді.

Осы технологияны қолдана отырып жасалатын операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізіледі, бұл инновациялық көмекті пациенттердің кең ауқымына қолжетімді етеді.

Біз пациенттерімізге жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетуге ұмтыламыз. Рентгеноперациялық блок ең жаңа заманауи жабдықтармен жарақтандырылған, бұл ағзаның іс жүзінде кез келген аймағында рентгенбақылаумен операциялар жасауға мүмкіндік береді. Дәрігерлер ең заманауи құралдарды, медициналық аппаратураны және шығын материалдарын пайдаланады. Біздің институт Қазақстандағы осы инновациялық технологияны ұсынған алғашқы медициналық мекемелер қатарында.

Мемлекет басшысы атап өткендей, бізге Қазақстанның әлеуетін арттыруға бағытталған көптеген міндеттерді атқару қажет. Біз халықтың мүддесі үшін барлық биік мақсаттарға қол жеткізетінімізге сенімдіміз.

Сайттағы материалдарды пайдаланған кезде
дереккөзге сілтеме жасау қажет