logo-preloader-min
0%
Загрузка ...

Жетекші отандық және шетелдік сарапшылар Алматыда ревматологиялық аурулардың алдын алу мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады

Алматыда терапевт, пульмонолог, дерматолог, ревматолог, жалпы практика дәрігерлерінің және т.б. мамандардың қатысуымен VIII Халықаралық ревматологтар конгресі өтті. Конгресті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, Республикалық ревматологиялық орталық және Қазақ ревматология алқасы ұйымдастырды.

Институт базасында үшінші деңгейдегі ревматология орталығының құрылуына байланысты бүгінгі іс-шара аса маңызды болып отыр. Бұл ревматологиялық аурулары бар пациенттерге мамандандырылған көмекті дамытуда, сондай-ақ Қазақстанның ревматологиялық қызметінің ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық рөлін нығайтуда маңызды қадам.

Қазақстанда да, әлемде де, ревматологиялық аурулары бар науқастардың саны өсу үстінде. Ревматологиялық аурулар диагнозы егде жастағы адамдарда да, жастарда да анықталуда. Ревматологиядағы аурулардың көпшілігі аутоиммунды, олар иммунитеттің дұрыс жұмыс істемеуінен туындайды. Олар жүйелік деп аталады, өйткені бірден бірнеше мүшені қамтиды. Барлық дерлік тіндер процеске қатысады, бірақ буындар, бүйрек, тері, ми, қан тамырлары ең көп зардап шегеді. Бұл аурулар адаммен өмірінің соңына дейін қалады. Бірақ бұған үкім ретінде қараудың қажеті жоқ: егер бұрын ревматологиялық ауру мүгедектікпен қысқа өмір сүруді білдірсе, бүгінде адамның ұзақ өмір сүруге мүмкіндігі бар.

Пленарлық отырыс, тақырыптық секциялар және сателлит шеңберінде 2 күн ішінде ревматология, пульмонология, дерматология, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы 35 жетекші шетелдік және отандық сарапшы мен жас ғалымдар клиникалық кейстермен ғылыми баяндамалар жасады. Жүйелі қызыл жегі, ревматоидты артрит, подагра, псориазды артрит, остеопороз және остеоартритті емдеу, оның ішінде жаңа гендік-инженерлік биологиялық препараттарды қолдану бойынша жаңартылған халықаралық клиникалық ұсыныстар ұсынылды.

Конгресс қатысушыларына белгіленген үлгідегі сертификаттар берілді.

Сайттағы материалдарды пайдаланған кезде
дереккөзге сілтеме жасау қажет