Артериялық гипертензия жүкті әйелдердің 10%-да кездеседі. Артериялық гипертониясы бар әйелдерге жүктілікті алдын-ала жоспарлап, терапевт және акушер-гинеколог дәрігерлермен кеңесу керек.
«Егер қан қысымын өлшеу кезінде систолалық қысым деңгейі 140 мм сын. бағ. асса, ал диастолалық — 90 мм. сын. бағ. асса – болашақ ананы мұқият динамикалық медициналық бақылау қажет. Жоғары қан қысымы іштегі нрестенің дамуына теріс әсер етеді, өйткені ол оттегі мен қоректік заттарды алуға кедергі келтіреді, сонымен қатар болашақ анада ауыр асқынулардың дамуына себеп болуы мүмкін», — дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ консультациялық-диагностикалық орталығының кардиолог дәрігері, м.ғ.к. Гүлнара Үдербаева.
Дәрігердің айтуынша, қан қысымы алғаш рет бала біткенге дейін немесе жүктіліктің бірінші жартысында — 20-шы аптаға дейін жоғарылауы мүмкін, бұл жағдай созылмалы артериялық гипертензия деп аталады. Жүктіліктің екінші жартысында қысым алғаш рет көтерілуі мүмкін — 20 аптадан кейін, бұл жағдай гестациялық артериялық гипертензия деп аталады. Жүктілік кезінде жүктілікке тән қауіпті асқынудың дамуы мүмкін, жоғары қысымға протеинурия (зәрдегі ақуыз) қосылған кезде — бұл преэклампсия және эклампсия деп аталады.
Жүктілік кезінде қан қысымының жоғарылауының нақты себебі белгісіз. Бірақ зерттеушілер гипертензияның даму қаупін арттыратын бірқатар факторларды атайды, олар: 20 жасқа толмаған немесе 40 жастан асқан жүкті әйелдер; гестациялық гипертензия немесе преэклампсия; отбасындағы гестациялық гипертензия жағдайлары; қант диабеті; аутоиммунды және созылмалы бүйрек аурулары; көп ұрықты жүктілік; темекі шегу; семіздік; метаболикалық синдром.
Қан тамырларының тарылуына байланысты жоғары қысым дамиды, сондықтан қан ішкі ағзаларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ете алмайды. Егер плацентаға қан ағымы азаятын болса, ұрық жеткілікті оттегі мен қоректік заттарды алмайды. Мұның салдары өсудің баяулауы, төмен салмаққа (2,5 кг-нан аз), мерзімінен бұрын босану немесе өлі тууға әкелуі мүмкін. Жүкті әйел үшін жоғары қан қысымы қауіпті. Өмірге қауіп төндіретін жағдайлар дамуы мүмкін. Жүктілік кезіндегі жоғары қысымнан туындаған асқынулар ана өлімінің себептері арасында 4-ші орында тұр.
Жүкті әйелдегі артериялық гипертензия мерзімінен бұрын босануға, плацентаның бөлінуіне және кесарь тілігі операциясына әкелуі мүмкін. Мерзімінен бұрын туылған балаларда тыныс алу проблемалары, инфекция қаупінің жоғарылауы және басқа асқынулар болуы мүмкін.
Қан қысымын төмендету қажеттілігі туралы шешімді маман қабылдауы керек. Егер диагноз қойылса, дәрігер жүктілік кезінде қауіпсіз қысымды төмендететін дәрі-дәрмектерді тағайындайды. Оларды нұсқауларға сәйкес қабылдау, емдеуді үзбеу және дозаны өзгертпеу маңызды. Қысымды төмендететін кейбір дәрі-дәрмектер жүктілік кезінде қолдануға қауіпсіз деп саналады. Тек дәрігер оларды дұрыс таңдай алады.
Қауіпсіз босану үшін дұрыс тамақтану, қалыпты дене салмағын сақтау және тұзды аз тұтыну ұсынылады. Маманның физикалық белсенділікке қатысты кеңестерін сақтау керек.
Егер артериялық гипертензия уақытылы анықталса және жүктіліктің басында емделсе, асқыну қаупі төмендейді. Бұл жағдайда әйелдердің көпшілігі сәтті босанады.