Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институты 1977 жылы желтоқсанда құрылған. 2001 жылы институт Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ болып қайта құрылды және көпсалалы аурухана ретінде қызмет көрсете бастады. 2010 жылы – шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын, ал 2018 жылы – акционерлік қоғам мәртебесін алды.
Бүгінгі таңда «Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ» АҚ Қазақстандағы кардиологиялық, кардиохирургиялық және терапиялық қызметтердің жетекшісі болып табылады, клиникада еліміздің барлық өңірлерінен ауыр және диагностикасы қиын аурулармен ауыратын науқастарға жоғары білікті, мамандандырылған, жоғары технологиялық, стационарды алмастыратын және амбулаториялық-емханалық медициналық көмек көрсетіледі.
Институт ғылыми зерттеулер, білім беру мен клиникалық практиканың бірлесуі арқылы әрбір пациентке жоғары деңгейлі медициналық көмек көрсетуге ұмтылады. Корпоративтік философия – халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыратын пациенттердің қауіпсіздігі мен халықаралық сапа стандарттарына сай клиникалық тәжірибені дамыту. Қызмет пациент пен дәрігердің сенімді қарым-қатынасы, үздіксіз кәсіби өсу, жаңа технологияларға ашықтық, құрмет пен өзара қолдау сияқты негізгі құндылықтарға негізделген.
Институтта жақын және алыс шет елдерде білімін жетілдірген жоғары білікті мамандар: медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, PhD докторлары, денсаулық сақтау магистрлері, жоғары және бірінші біліктілік санаты бар дәрігерлер жұмыс істейді.
Тек Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да коронарлық шунттау немесе жүрек ақауларын түзету операцияларымен қатар жүрек ырғағының бұзылуын бір уақытта емдеу мақсатында ашық жүрекке криоаблация операциялары жасалады. 3D бейнелеу мүмкіндігі бар заманауи торакоскопиялық тіректі орнату және пайдалану төс сүйегін кеспей-ақ жүрек клапандарында және коронарлық шунттау кіші инвазивті операцияларды орындауға мүмкіндік берді. Жүрек операциясының жарақатын азайту мақсатында бір пациентті емдеуде (эндоваскулярлық операциямен бірге ашық операция) бір уақытта 2 түрлі тәсіл қолданылатын гибридті операцияларды орындау мүмкіндігі бар. Институттың жүрек клапандарын ауыстыру және пластикалау, туа біткен жүрек ақауларын түзету бойынша жүрекке миниинвазивті операциялар жасауда мол тәжірибесі бар. Тәжірибелі кардиохирургтар тобының жүрекке ең күрделі операцияларды жасауға мүмкіндіктері бар.
Жетекші интервенциялық кардиологтар, рентгенхирургтар жүре пайда болған жүрек ақауы - қолқа қақпақшасының стенозы (қолқа қақпақшасының транскатетерлік имплантациясы (TAVI) бар пациенттерге қолқа қақпақшасын эндоваскулярлық имплантациялау бойынша жоғары технологиялық кардиологиялық операцияларды сәтті жүргізеді. Сондай-ақ, жүрек қызметінің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары пациенттерге тері астындағы кардиовертер-дефибриллятор имплантациясы бойынша хирургиялық операциялар жасалады.
Консультациялық-диагностикалық орталық ересек тұрғындарға 16 мамандық (кардиология, кардиохирургия, аритмология, гастроэнтерология, эндокринология, аллергология, иммунология, нефрология, гематология, ревматология) бойынша консультациялық, амбулаториялық-емханалық көмектің толық кешенін жүргізеді.
Республикалық аллергология орталығы жаңа туған балалардан бастап ересектер үшін аллергологиялық және иммунологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу мен алдын алу шараларын жүргізеді.
Институт ғалымдары ғылыми-техникалық бағдарламалар мен гранттар бойынша медицина ғылымы саласында ғылыми зерттеулер жүргізеді, біздің мамандар халықаралық көп орталықты клиникалық зерттеулер мен жобаларға қатысады, дәрілік препараттарға клиникалық сынақтар жүргізеді.
Зерттеу нәтижелері Web of Science және Scopus рецензияланған халықаралық журналдарда жарияланады, соңғы 5 жылда 31 мақала жарияланды. Біздің ғалымдар мен дәрігерлер халықаралық конгрестер мен конференцияларда зерттеу нәтижелері жөнінде баяндама жасайды, шетелдік мамандардың қатысуымен және еліміздің өңірлеріне барып, шеберлік сыныптарын өткізеді.
Стратегиялық әріптестік шеңберінде институт Томск Ұлттық медициналық зерттеу орталығы Кардиология ҒЗИ, В.Алмазов ат. Ұлттық медициналық зерттеу орталығы, Ресей Новосибирск қ. акад. Е.Мешалкин ат. Ұлттық медициналық зерттеу орталығы, Литва Каунас қ. Дағдарыстарды зерттеу орталығы, Кореяның Сеул Ұлттық университетінің госпиталі, Израиль Бэер-Шева медициналық орталығы, Италия Милан университетінің клиникасы сияқты халықаралық клиникалық орталықтармен, жақын және алыс шет елдердің университеттерімен бірлесіп жұмыс істейді.
Тәжікстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық жүрек-қан тамырлары хирургиясы ғылыми орталығымен, Өзбекстан Республикасының акад.В.Вахидов ат. Республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық хирургия медициналық орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.
Институт резиденттерді даярлаумен және дәрігерлерді қайта даярлаумен айналысады, оқу процесінде ғылымның, клиниканың және оқу процесіндегі білім берудің үштұғырлығының халықаралық қағидатын сақтау білікті медицина кадрларын даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.