Әдетте адамның жүрегі кеуде қуысында, дәл ортасында, сәл солға қарай орналасады. Алайда, кейде жүрек оң жақта орналасатын сирек құбылыс та болуы мүмкін. Бұл жағдай декстрокардия деп аталады. Декстрокардия туа біткен және жүре пайда болуы да мүмкін. Туа біткен себептер генетикалық мутация, қоршаған ортаның әсер етуі немесе тұқым қуалаушылық болуы мүмкін. Жүре пайда болған декстрокардияда адамның жүрегі механикалық түрде кеуде қуысының оң жағына қарай ауысады, ол кез-келген жүректен тыс факторлардың әсерінен пайда болады (ауру, кеуде қуысының зақымдануы) және декстропозиция деп аталады.
Декстрокардия оқшауланған және оқшауланбаған болуы мүмкін. Оқшауланған түрінде - жүрек оң жақта, ал іштің қалған мүшелері (жұпсыз), мысалы, асқазан, бауыр, көкбауыр қалыпты орналасады. Оқшауланбаған декстрокардия ішкі ағзалардың толық кері орналасуымен сипатталады (органдардың транспозициясы).
Кейбір адамдарда декстрокардия тек рентгенограммалар мен ультрадыбыстық суреттерде жүректің оң жақта орналасуы анықталған кезде ғана көрінуі мүмкін. Алайда, кейбір адамдарда декстрокардия жүрек проблемалары, қан айналымы мен тыныс алу жүйесінің бұзылуымен қатар жүруі мүмкін. Оқшауланған декстрокардияның бауырға әсер етпеуіне келетін болсақ, бұл әдетте дамудың бейімделу механизмдерімен байланысты, бірақ хирургиялық түзетуді қажет ететін ауытқулар болуы мүмкін.
Декстрокардияның себептері әлі белгісіз. Қазақстанда декстрокардияның тіркелген жағдайлары бар, бірақ олардың саны мыңнан аспайды.
«Мұндай патология өте сирек кездеседі, статистикаға сәйкес, әлемдегі 12 мың адамның бірінде кездеседі. Біз өз тәжірибемізде жүрегі оң жақта орналасқан пациенттермен кездестік, екі жағдайда олар тек декстрокардиямен ғана емес, жүректің даму ақауларына да шалдыққан науқастар болды, туа біткен ақауларға хирургиялық түзету жүргізілді (жүрекше аралық кемістікті тігу және қарынша аралық пластика орнату)», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирург дәрігері Мақсат Жақаев.
«Келесі жағдайда - бұл оқшауланбаған декстрокардиясы бар сау адам болды, оның барлық жұпсыз мүшелері оң жақта орналасқан, кешенді тексеру жүргізгеннен кейін біз ішкі органдар мен жүректің жұмысынан патология таппадық және оған әдеттегідей өмір сүріп, дәрігерге қаралып тұруын ұсындық», - деп атап өтті дәрігер.
Мақсат Әбдіманапұлының айтуынша, декстрокардиямен науқастар ұзақ өмір сүре алады, науқастар қартайғанға дейін өмір сүрген жағдайлар бар. «Сондықтан біз барлығына денсаулығын бақылауда ұстауды, жаман әдеттерден арылуды, салауатты өмір салтын ұстануды және дәрігерлерге қаралып тұруды ұсынамыз. Әрине бұл ұсыныстар барлық адамдарға, тіпті жүрегі қалыпты адамдарға да қатысты», - деп түсіндірді ол.