Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да институттың электрофизиологтар командасы және Литва мен Дубайдан келген Abbott компаниясының жоғары дәрежелі инженерлерінің қатысуымен аритмология бойынша шеберлік класы өтіп жатыр.
Операция жасау үшін жүрек ырғағының күрделі бұзылулары бар науқастар іріктелді, өйткені мұндай араласулар дәрігерлер мен техникалық қолдау қызметкерлерінің нақты және үйлесімді жұмысын талап етеді. Пациенттердің арасында бұрын еліміздің басқа клиникаларында радиожиілік абляциясынан өткен науқастар бар, бірақ олардың аритмиясы қайта пайда болған.
"Қайта операция жасау әрқашан қиындық тудырады. Бұрын қандай жерде радиожиілік әсер еткенін, қандай көлемде, хирург қандай тиімділік критерийлерін басшылыққа алғанын білмейсің. Қайталанатын операцияларды жүргізу кезінде күтпеген жағдайларға тап болу қаупі бірнеше есе жоғары. Біз жұмысымызда тығыздығы жоғары карталауды қолданамыз. Бұл әдісті әлемнің жетекші аритмологтары кеңінен қолданады. Бұл аритмогенді аймақты миллиметрге дейінгі дәлдікпен оқшаулауға мүмкіндік береді», - дейді рентгеноперблоктың аритмология жөніндегі аға ординаторы Артур Абдымомунов.
Шеберлік класының бірінші күнінің қорытындысы бойынша Abbott EnSite Х жоғары дәлдіктегі навигациялық карталау жүйесін пайдалана отырып, қарыншалық және жүрекшелік тахиаритмиясы бар 5 пациентке операция жасалды. Барлық операциялар МӘМС және ТМККК шеңберінде орындалады.