Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты Нагасаки медициналық орталығы Ұлттық госпиталімен (Жапония) жасасқан Ынтымақтастық туралы меморандум аясында институттың морфологы Анар Тоқтарова 3 апта бойы орталықтың патология бөлімшесінде тағылымдамадан өтті.
Тағылымдаманың мақсаты: Қазақстанда асқазан-ішек жолдары ауруларының диагностикасын жақсарту үшін жапониялық әріптестердің жұмысы мен техникасының ерекшеліктерін зерттеу және енгізу, ішек пен асқазанның қабыну ауруларының морфологиялық диагностикасының заманауи әдістерін, қосымша зерттеу және бояу әдістерін қолдану арқылы дифференциалды диагностикасын; гепатиттің әртүрлі түрлерінің заманауи морфологиялық дифференциалды диагностикасын; асқазанның, ішектің эндоскопиялық материалына иммуногистохимиялық зерттеулер жүргізу кезінде сынамаларды алу, таңбалау, патоморфологиялық диагностиканың преаналитикалық және аналитикалық кезеңдерін және т.б. әдістерді меңгеру.
Оқу процесінде дәрігер асқазан мен тоқ ішектің биопсиясы үшін қолданылатын жапондық бірегей классификациямен, сондай-ақ ойық жаралы колит, бауыр циррозы, әртүрлі гепатит және басқа патологиялар кезінде қолданылатын классификациялармен де танысты.
Морфологиялық зерттеулердің ауруларды диагностикалауда, емдеуде және зерттеуде атқаратын рөлі зор. Осы тұрғыдан, ойық жаралы колит, аутоиммунды гепатит, алкогольсіз және алкогольді стеатогепатит, аутоиммунды холангит және басқа да асқазан-ішек ауруларын диагностикалау үшін иммуногистохимиялық зерттеулерді енгізе отырып, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында референстік патогистологиялық зертхана құру мүмкіндігі, еліміздің патоморфологтарының біліктілігін арттыру және асқазан-ішек ауруларының диагностикасын жетілдіру бойынша оқу-әдістемелік бағдарлама әзірлеу қарастырылатын болады.