Алматыда жетекші қазақстандық және шетелдік сарапшылар метаболикалық синдромды емдеу мәселелерін талқылады

Алматыда жетекші қазақстандық және шетелдік сарапшылар метаболикалық синдромды емдеу мәселелерін талқылады

Бүгін Алматыда Қазақстанның, Швецияның, Грузияның, Ресейдің және басқа да жақын және алыс шетелдердің жетекші сарапшыларының қатысуымен, елдің жетекші кәсіби медициналық қауымдастықтарының қолдауымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ұйымдастыруымен «Метаболикалық синдром 2025: ХХІ ғасырдың жаһандық трендтері мен сын-қатерлері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Метаболикалық синдром - қазіргі клиникалық тәжірибедегі ең өзекті жағдайлардың бірі, 2 типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, алкогольсіз бауырды май басу аурулары, семіздік және басқа созылмалы инфекциялық емес аурулардың дамуымен тығыз байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі ересек тұрғындардың 25%-дан астамында метаболикалық синдром белгілері бар деп есептейді.

Іс-шараның негізгі мақсаты - метаболикалық бұзылуларды диагностикалау, алдын алу және емдеу мәселелерінде медицинаның әртүрлі бағыттарындағы мамандардың хабардарлығын арттыру. Конгресс бағдарламасында гастроэнтерология, эндокринология, кардиология, тамақтануды қолдау, бариатриялық хирургия және коморбидті науқастарды басқарудың психоәлеуметтік аспектілері туралы өзекті тақырыптар бар.

Конгресс қатысушылары алдында КІАҒЗИ Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жамиля Қайбуллаева сөз сөйледі. Ол: «Метаболикалық синдром пәнаралық проблема болғандықтан, біздің институт тәжірибе алмасу алаңына айналды. Мамандарымыз осы салада білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Біз халықаралық сарапшыларды шақырып, тәжірибе алмасып, жаңа трендтерді талқылап, проблемаларды шешу жолдарын іздейміз», - деді.

Институттың эндокринология кафедрасының меңгерушісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас эндокринологы Лаура Даньярова бұл дерттің жастар арасында жиілеп бара жатқанын және бұл үрдіс бүкіл әлемде де байқалатынын атап өтті.

«Бүгін біз 2 типті қант диабетінің бариатриялық немесе метаболикалық хирургиясы сияқты өзекті тақырыпты қарастырып жатырмыз. Бұл 2 типті қант диабетін емдеудің, хирургиялық әдістерді қолданудың жаңа стандарттарының бірі», - деді дәрігер.

Грузиядан келген профессор, м.ғ.д., эндокринолог Елена Гиоргадзе метаболикалық бұзылыстарының негізгі себебі адамның өмір сұру салты: қимылсыздық, артық тамақтану және тамақтану тәртібінің бұзылуы деп санайды. Созылмалы жұқпалы емес аурулардың өсуімен елдер арасында білім алмасу маңызды болып отыр.

Конгресс тақырыптарының ішінде семіздікті, қант диабетін, бауырдың метаболикалық-ассоциацияланған стеатотикалық ауруын емдеуге, эндокриндік бұзылуларды диагностикалау мен емдеудің, бариатриялық хирургия мен нутритивтік қолдаудың сондай-ақ пациенттерді бақылаудың психосоматикалық аспектілерінің заманауи әдіс-тәсілдеріне ерекше назар аударылатын болады.

Конгрес республикада пәнаралық көзқарасты қалыптастыруға және медициналық көмектің сапасын жетілдіруге маңызды үлес қоспақ.