11 желтоқсанда Дүниежүзілік демікпемен күресу күні атап өтіледі. Бұл күннің басты міндеті - ауру және оны бақылау әдістері туралы хабардар болу, демікпенің ерте белгілері туралы білімді насихаттау, емдеудің жаңа тәсілдері туралы хабардар ету, пациенттерді дәрі-дәрмектер мен ингаляторларды дұрыс қолдануға үйрету, аурудың алдын алудың маңыздылығына, триггерлермен күресуге және ауа сапасын жақсартуға баса назар аудару.
Бронх демікпесі - тыныс алу жолдарының созылмалы қабыну ауруы, олардың әртүрлі тітіркендіргіштерге жоғары сезімталдығымен сипатталады. Негізгі белгілері: ентігу, жөтел (көбінесе түнгі), кеуде қуысының қысылу сезімі, сырылдар немесе ысқырықтар.
Демікпенің себептері әртүрлі, олар:
- генетикалық бейімділік,
- аллергиялық реакциялар,
- ластанған ауа мен токсиндердің әсері,
- вирустық инфекциялар,
- стресс және физикалық белсенділік
«Демікпе балалық шақта да, ересек жаста да болуы мүмкін. Бұл экологиясы нашар немесе аллергендердің әсеріне ұшыраған адамдарда жиі кездеседі», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ республикалық аллергология орталығының басшысы Арай Батырбаева.
Дүниежүзілік денасулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әлемде 262 миллионнан астам адам демікпемен өмір сүреді және жыл сайын ауру 455 мыңға жуық өлімнің себебі болып табылады. Статистика аймаққа, экономикалық даму деңгейіне және қоршаған орта жағдайына байланысты өзгереді.
Дәрігердің айтуынша, демікпені емдеу тыныс алу жолдарының қабынуын азайтуға және өршудің алдын алуға бағытталған. Негізгі тәсілдер:
- ингаляциялық глюкокортикостероидтарды қолдану;
- симптомдарды тез жеңілдету үшін бронхолитиктерді қолдану;
- аллергендер мен триггерлерден аулақ болу;
- пикфлоуметрлердің көмегімен жағдайды үнемі бақылауда ұстау.
Салауатты өмір салты маңызды рөл атқарады: дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік және темекі шегуден бас тарту.
Дүниежүзілік демікпемен күресу күні, бұл ауруды, дұрыс қараған жағдайда бақылауда ұстауға болатындығы туралы еске салады. Демікпе толыққанды өмір сүруге кедергі болмауы керек және бұған мемлекеттердің, медициналық ұйымдардың және пациенттердің күш-жігерін біріктіру арқылы қол жеткізуге болады.