Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына Жапонияның Цукуба университетінің делегациясы келді

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына Жапонияның Цукуба университетінің делегациясы келді

Медициналық білім беру және ғылыми зерттеулер жүргізу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған С.Асфендияров  ат. Қазақ ұлттық медицина университетіне сапар аясында Цукуба университетінің (Жапония) делегациясы 12 наурызда университеттің клиникаларының бірі – Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына келді.

Басқарма төрағасының орынбасары Джамиля Қайбуллаева және клиникалық қызмет жөніндегі директор Гүлнара Оспанова қонақтарды институттың қызметімен, кардиохирургиялық, кардиологиялық және терапиялық бейіндегі пациенттерге медициналық көмекті аймақтандырудағы рөлі, халықаралық ынтымақтастық, резиденттерге медициналық білім берудің заманауи технологиялары және т.б. туралы қысқаша таныстырды.

Қонақтар сәулелік, функционалдық және ультрадыбыстық диагностика, кардиохирургия бөлімшелерінде, рентгенэндоваскулярлық оперблок, консультациялық-диагностикалық орталықта болды. Оларға әлемдік стандарттарға сай заманауи жабдықтар көрсетілді. Клиниканың жетекші кардиохирургы Рүстем Төлеутаев институтта жасалып жатқан жүрек трансплантациясы, LVAD имплантациясы сияқты бірегей операциялар туралы айтып өтті. Өз саласының сарапшысы Алексей Колесников жапондық мамандарды жоғары операциялық тәуекелдері бар пациенттердегі кардиоинтервенцияның заманауи мүмкіндіктерімен – ТАVI және жүрек тамырларын стенттеудің түрлерімен таныстырды.      

Өз кезегінде профессор Соно Фумото Цукуба университеттің оқу және зерттеу мүмкіндіктері туралы айтты. С.Асфендияров    атындағы ҚазҰМУ студенті Жамбыл Консысбай конкурстан өтіп, қазіргі уақытта Цукуба университетінің магистратурасында оқитынын айта кетейік.

Медициналық білім беру, білім алушылар мен оқытушылармен алмасу, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Қонақтар құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.

Цукуба университетінің делегациясы серіктестікті кеңейтуге және медицина ғылымдарын бірлесіп дамытуға қызығушылық білдірді. Ынтымақтастық академиялық байланыстар мен халықаралық білім алмасуды нығайтуға мүмкіндік береді.