Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында «Тиімді нақты практикаға арналған бауыр биопсиясының құпиялары» атты шеберлік класы өтті

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында «Тиімді нақты практикаға арналған бауыр биопсиясының құпиялары» атты шеберлік класы өтті

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында гибридті форматта (online+offline) жалпы практика дәрігерлеріне, терапевт, гастроэнтеролог, гепатолог, морфолог және хирург мамандарға арналған «Тиімді нақты практикаға арналған бауыр биопсиясының құпиялары» тақырыбында шеберлік класы өтті.

Шеберлік класының мақсаты - бауыр ауруларын инвазивті диагностикалау саласындағы теориялық білім мен практикалық дағдыларды жетілдіру, сондай-ақ өзекті клиникалық ұсыныстар мен дәлелді медицина негізінде бауыр биопсиясының нәтижелерін түсіндіру.

Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жамиля Қайбуллаева өз сөзінде бұл шеберлік класы дәрігерлердің біліктілігін арттырудың және бауыр ауруларын диагностикалау мен емдеу сапасын жақсартудың маңызды құралы болып табылатынын атап өтті. Алынған білім мен дағдылар дәрігерлерге пациенттеріне тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Іс-шараның спикерлері:

  • Bat-Ireedui Purevbaatar - интервенциялық рентгенолог (Моңғолия)
  • Анар Тоқтарова - Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ патоморфологы
  • Алмагүл Жұмабаева - КІАҒЗИ ішкі аурулар кафедрасының ассистенті.

Сарапшылар қатысушыларды бауырдың диффузды ауруларын диагностикалаудың инвазивті емес әдістерімен таныстырды, бауыр биопсиясын жүргізу кезінде навигацияның қашан, кімге және қалай қолданылатынын айтып берді, сондай-ақ аутоиммунды гепатит, бастапқы билиарлы холангит, алкоголь және алкогольсіз стеатогепатиттің морфологиялық диагностикасының негізгі аспектілерін атап өтті.

Шеберлік класы барысында клиникалық жағдайлар талданды және спикерлер қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді.

Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.