КІАҒЗИ «Эндокриндік хирургиядағы минималды инвазивті технологиялар» тақырыбында шеберлік класы өтті

КІАҒЗИ «Эндокриндік хирургиядағы минималды инвазивті технологиялар» тақырыбында шеберлік класы өтті

27 мамырда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жалпы практика дәрігерлеріне, терапевт, эндокринолог, хирург және интервенциялық хирург мамандарына арналған «Эндокриндік хирургиядағы минималды инвазивті технологиялар» тақырыбында шеберлік класы өтті.

Спикерлер - м.ғ.к., PhD, Денсаулық сақтау министрлігінің бас эндокринологы, КІАҒЗИ эндокринология кафедрасының меңгерушісі Лаура Даньярова, интервенциялық радиолог, термиялық абляция бойынша халықаралық сарапшы Dr. Bat - Ireedui Purevbaatar және интервенциялық хирург, ядролық медицина бойынша маман, әл-Фараби ат.ҚазҰУ және «ҚДСЖМ» Қазақстан медициналық университетінің оқытушысы Арман Ибраев.

Лаура Бақытжанқызы түйіндік зобты диагностикалау мен емдеудің стандарттары туралы, қандай жағдайларда хирургиялық араласу ұсынылатыны және т.б. туралы баяндады. Dr. Bat-Ireedui Purevbaatar қатысушыларды қалқанша безінің түйіндік түзілімдерінің радиожиілікті абляциясын жүргізудің халықаралық тәжірибесімен таныстырды, дәрігер Арман Ибраев клиникалық жағдайларды талдаумен қалқанша безінің түйіндік түзілімдерінің РЖА жүргізу бойынша Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Шеберлік класы барысында радиожиілікті абляция (РЖА) процедурасының онлайн-трансляциясы жүргізілді.

Ультрадыбыстық (УДЗ) зерттеуді кеңінен қолданудың арқасында бүгінде қалқанша безінің түйіндерін анықтау жиілігі айтарлықтай өсті. Түйіндердің көпшілігі қатерсіз және белсенді емдеуді қажет етпейді, кейбіреулері медициналық араласуды қажет ететін симптоматикалық немесе эстетикалық қолайсыздықты тудыруы мүмкін. Минималды инвазивті технологиялар пайда болғанға дейін симптоматикалық қатерсіз түйіндерді емдеудің негізгі әдісі хирургия болған. Қазіргі уақытта радиожиілік абляциясы (РЖA) өзін хирургияға қауіпсіз, тиімді және аз инвазивті балама ретінде көрсетті.