12 мамырда бүкіл әлемдегі мейіргерлер өздерінің кәсіби мерекелерін - Халықаралық мейіргерлер күнін атап өтеді. Медициналық ұйымдардың қызметін дәрігерлердің ғана емес, пациенттердің де бас көмекшісі болып табылатын мейіргерсіз елестету мүмкін емес. Бұл күні оларға зор еңбектері үшін, денсаулық сақтау саласы мен адам саулығына қосқан баға жетпес үлестері үшін алғыс айтылады.
«Біздің Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының барлық мейіргерлері жылы лебіздер мен шынайы алғыс сөздерге лайық. Әр мейірбикенің еңбегін айтып өтсе болар еді, бірақ бұған уақыт жетпейді, сондықтан мен тек бірнешеуін атап өтсем: Жексембаева Парида Бакировна - консультациялық-диагностикалық орталықтың мейіргері – біздің клиникада 30 жылдан бері жұмыс істейді, Байсейітова Айжан мен Айып Ақмарал – күндізгі стационар мен соматикалық ақылы бөлімшенің мейіргерлері, Әбдімомынова Ақерке мен Сәдуақас Алуа - № 1 терапия мен кардиология және оңалту бөлімшелерінің палаталық мейіргерлері, Жалау Саида және Кемелбай Әсем - №2 терапия, жүректің ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшелерінің мейіргерлері, Шаудинов Фарух – рентгеноперациялық блоктың мейіргері және басқалары», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Мейіргерлердің жұмысы дәрі-дәрмектерді беру немесе өмірлік маңызды көрсеткіштерді тексеру ғана емес, олар пациенттің қалпына келу процесінің әр кезеңінде де жанынан табылады. Мейіргерлік күтім - сапалы және қауіпсіз медициналық қызмет көрсетудің негізі. Мейіргерлердің денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлі клиникалық дағдыларды, көшбасшылықты, бейімделуді және эмоционалды тұрақтылықты қажет ете отырып, одан әрі артып отыр.
Біздің институтта мейіргерлер - әр пациентке уақытылы және жан-жақты көмек көрсететін клиникалық топтың ажырамас мүшелері. Олардың өз ісіне адалдығы күнделікті өмірде ғана емес, сонымен қатар пациенттердің қажеттіліктерін қалай болжайтындығында және медициналық көмектің ең жоғары стандарттарын сақтауында көрінеді.
Мысалы, 2024 жылы JCI (Joint Commission International) аккредиттеуден қайта өту кезінде халықаралық сараптама комиссиясының аудиторлары клиниканың дәрігерлерінің және де мейіргерлерінің кәсіби біліктілігінің жоғары әлеуетін растады. JCI стандарттары бойынша ұйымдағы барлық бөлімшелер мен процестер бағаланды: дәрігер мен мейіргерлік күтімнен бастап ғимараттың қауіпсіздігіне, инфекциялық бақылауға, дәрі-дәрмекпен жұмыс істеуге, пациенттің құқықтарын сақтауға дейін. Аудиторлар мейіргерлер мен дәрігерлердің тиімді топтық жұмысын атап өтті.
Мейіргер – бұл жанашырлық пен адалдыққа негізделген денсаулық сақтау саласының ерекше нәзік, бірақ күшті жақтарының бірі. Мейіргерлер - адамзатты сауығуға жетелейтін жандар. Біздің клиникада мейіргерлер - әр адамға құрметпен және мейіріммен қарауды қамтамасыз ететін, пациенттерге күтім жасаудың жүрегі деуге болады.
Біздің миссиямызға сәйкес, институттың қызметі денсаулық сақтау жүйесінің ғылым, білім мен практикасының үштұғырлығы қағидаты шеңберінде жүзеге асырылады. Осы тұрғыда, мейіргер мамандарына үздіксіз білім беру шеңберінде біз медицинадағы заманауи стандарттар мен жаңа технологияларды ескере отырып, формальды/формальды емес оқыту бағдарламаларын енгізудеміз, сондай-ақ пәнаралық өзара іс-қимыл және командалық жұмыс дағдыларын дамытудамыз. Мейіргер ісінің әртүрлі салаларындағы сарапшылардың қатысуымен пациенттерге күтім жасаудың және заманауи медициналық құрылғыларды пайдаланудың жаңа әдістемелері бойынша тренингтер, семинарлар мен шеберлік кластарын өткіземіз. Мейіргерлер кәсіптік аурулардың алдын алу және созылмалы науқастарға күтім жасау мәселелері бойынша үздіксіз біліктілігін арттыруда. Оларды симуляциялық тренингтер арқылы практикалық даярлау қамтамасыз етіледі. Мұндай шаралар мейіргерлердің кәсіби деңгейін арттыруға, денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы талаптарына сәйкес медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Бүгінгі таңда біздің институтта 139 мейіргер жұмыс істейді, оның ішінде 7 мейіргердің жоғары мейіргерлік білімі бар – Мейіргер ісінің академиялық бакалавры, 12 мейіргер «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриатты бітірген және 1 мейіргердің «Денсаулық сақтау менеджменті» мамандығы бойынша магистр дәрежесі бар.