Ішектің қабыну аурулары (ойық жаралы колит және Крон ауруы) қазіргі уақытта дамыған елдерде кең таралған. Аурудың минималды белсенділігі кезінде қатаң диета сақтап, тамақтануға айтарлықтай шектеулер қою қажет емес.
Алайда аурудың өршуі кезеңінде диарея, іштің кебуі және ауырсынулар сияқты белгілерді азайтуға бағытталған рационды ұстанған жөн. Ойық жаралы колит кезінде пайдалы және қауіпсіз тамақтану асқазан-ішек жолдарына жүктемені азайтуға және аурудың өршуінің алдын алуға көмектеседі, сонымен қатар ағзаның қалпына келуіне ықпал етеді. Тағамдарды буға пісіру, қайнату керек, қуырылған тағамды жеуге болмайды, бұл диареяны күшейтуі мүмкін.
Таңғы асқа аз мөлшердегі сары маймен суға пісірілген сұлы ботқасын, жұмыртқа, түймедақ немесе итмұрын шөптері қосылған шай ішуге болады (қантсыз). Екінші таңғы асқа қабығы аршылған пісірілген алма және майсыз сүзбе жеуге болады.
Түскі асқа көкөніс сорпасын, қайнатылып пісірілген тауық немесе күркетауық етін, сәбіз немесе картоп пюресін, сондай-ақ кептірілген жеміс компотын (қантсыз) ішкен жөн. Түстен кейін кешкі асқа дейін 2-3 дана галет печеньесін жеп, айран немесе майсыз йогурт ішуге болады.
Кешкі асқа буға пісірілген балық (хек, минтай немесе треска), суға піскен күріш ботқасын, жалбыз сияқты шөп шайын дайындауға болады. Қалаған жағдайда, кешкі асқтан кейін бір стақан йогурт немесе кисель ішкен жөн.
Күніне 5-6 рет аз-аздан тамақтану керек. Диарея немесе кебулер сияқты белгілерді күшейтпеу үшін ащы, майлы, қуырылған тағамдарды тұтынудан аулақ болған дұрыс. Егер қарсы көрсетілімдер болмаса, жеткілікті мөлшерде су ішу дұрыс (күніне 1,5–2 литр). Дәрумендер мен микроэлементтердің деңгейін үнемі тексеріп отыру, қажет болған жағдайда дәрігердің бақылауында ұстаған дұрыс.
Басқа ауруларының болуына және ағзаның тағамды қабылдауына қарай, жеке тамақтану жоспары болуы керек.
Міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек.