Репродуктивті жас - ревматологиялық аурулардың ерте басталуына және жүктілікті кейінірек жоспарлаудың қазіргі тенденциясына байланысты әйелдердегі ең осал кезең. Бүгінде ревматологиялық ауруларды емдеуде түбегейлі өзгерістер орын алуда. Ревматологиялық аурулар аясында жүктілік проблемасының өзектілігі, жүктілік және лактация кезінде босанғаннан кейін ауруды бақылау үшін дұрыс терапия жүргізу осыларға байланысты.
Ревматологиялық ауруларды емдеуде жетістіктер бар. Клиникалық практикаға дәрілік заттардың жаңа класы - гендік-инженерлік биологиялық препараттар (ГИБП) енгізілді. Соңғы жылдары әдебиеттерде ГИБП емдеу аясында жүктіліктің 1300-ге жуық жағдайы сипатталған.
ГИБП жүктілікті жоспарлау кезінде
Ұзақ уақыт бойы ревматологиялық аурумен ауыратын әйелдердің фертильдік денсаулығы бұзылмаған деген пікір қалыптасты. Дәрілік заттардың әсері талқыланды, бірақ әйелдердегі фертильдік жағдайы туралы айтылмады. Репродуктивті функцияны жүзеге асырудың негізгі факторы - аурудың белсенділігін тежеу. Жүктілікті ремиссия немесе аурудың төмен белсенділігі кезінде жоспарлау қажет.
Жүктілікті жоспарлау кезінде негізгі дәрі-дәрмектерді тоқтату ревматологиялық аурулардың белсенділігінің артуына әкелуі мүмкін.
Жүктілік кезінде ГИБП қолдану
«Гестацияның ревматологиялық және басқа аутоиммунды аурулардың клиникалық ағымына пайдалы әсері белгілі. Жағдайлардың кем дегенде жартысында жақсару I триместрде пайда болады және бүкіл жүктілік кезеңінде жалғасады. Ревматологиялық аурулардың белсенділігі аналық және неонаталдық нәтижелерді анықтайды. Анадағы аурудың белсенділігі баланың туу салмағының төмендігімен, жатырішілік дамудың кешеуілдеуімен, абдоминальды босандыру жиілігімен және асқынулардың дамуымен байланысты. Бұл ретте жаңа туған нәрестенің дене салмағының төмендеуі, жатырішілік дамудың тежелуі және мерзімінен бұрын босану плацента салмағының төмендеуімен тікелей байланысты», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №2 терапия бөлімінің меңгерушісі, ревматолог дәрігер Майса Қалықова.
«Жүктілік кезінде ревматологиялық ауруларға агрессивті терапия қажет емес. ГИБП стандартты терапия аясында аурудың белсенділігін бақылау жеткіліксіз болған жағдайда ғана қолдануға болады», - деп атап өтті дәрігер.
Зерттеушілердің пікірінше, аурудың жүктілікке дейінгі бақыланбайтын белсенділігі және жүктілік кезінде аурудың өршуі ана мен бала үшін жүктілік нәтижелеріне қауіп төндіреді. Сондықтан жүкті әйелдерде жүйелі қабыну ауруының өршу қаупін азайту үшін биологиялық препараттар қолданылады.