Кейбір жүрек ауруларына шалдыққанда, емдеудің жалғыз тәсілі - ашық операция жасау. Жүрек қызметіне мұндай араласулар ағзаны стресске әкеледі, одан шығу үшін қалпына келтіру кезеңі, яғни белгілі бір уақыт қажет.
Осы уақыт ішінде біртіндеп әдеттегі іс-әрекетке оралу керек. Қалпына келтіру кезеңінің қарқыны мен ерекшеліктері әр адам үшін әр түрлі. Қалпына келтіру процесінде күтілетін және алаңдаушылық туғызбайтын жақсару және нашарлау кезеңдері болуы мүмкін.
Операция орнында уақыт өте келе сезімталдықты жоғалту, қышу және ауырсыну сезімдері пайда болуы мүмкін. Бұл ауырсыну операциядан кейін бірнеше айға созылуы мүмкін.
Операциядан кейінгі кезеңде кейбір науқастарда тәбеттің болмауы, ұйқы келмеу сияқты өзгерістер болуы мүмкін. Бұл қалыпты кең таралған жағдайлар және уақыт өте келе жойылады.
«Операциядан кейін науқасқа түрлі дәрі-дәрмектер тағайындалады. Олардың кейбіреулері шектеулі уақыт қабылданады (варфарин – клапанды биологиялық протезбен протездегеннен кейін), ал кейбіреулері тұрақты түрде қабылданады (механикалық протездеуден кейін варфарин, коронарлық шунттау операциясынан кейін ацетилсалицил қышқылы препараттары). Дәрі-дәрмектерді қабылдау немесе оны тоқтату туралы нұсқауды тек дәрігер береді», - деп атап өтті Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Кардиология және оңалту бөлімшесінің кардиолог дәрігері Ақбота Қыдыкенова.
Дәрігердің айтуынша, бұл кезеңде физикалық оңалту өте маңызды рөл атқарады. Жеңіл жаттығулардан күрделіге ауыса отырып, физикалық белсенділікті біртіндеп арттыру керек. Таңертең және кешке, жақсы ауа-райы кезінде, тегіс жерде, жоғарыға көтерілусіз жүру ұсынылады. Ауыр көтеруден аулақ болу керек. Бірінші айда 2 кг-нан аспайтын салмақты көтеруге рұқсат етіледі.
Стационардан шыққаннан кейін учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылу керек. Дәрігерге стационардан шығу эпикризін көрсету керек. Учаскелік дәрігер емдеуді жалғастырады және еңбекке жарамсыздық парағын ұзартады.
Егер осы ұсыныстар жауапкершілікпен орындалса, жүрек-қан тамырлары жүйесі ұзақ және дұрыс қызмет ететініне сенімдіміз.