Алматыда Қазақстанның, Ресейдің, Бельгияның, Израильдің және т.б. елдердің жетекші сарапшыларының қатысуымен Ішектің қабыну аурулары бойынша IX ұлттық форумы өтті.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, Қазақ ғылыми қоғамы ұйымдастырған іс - шара Қазақстанның барлық өңірлерінен және шетелдерден келген 300-ден астам гастроэнтеролог, колопроктолог, терапевт, морфолог, инфекционист, эндоскопист мамандары мен функционалдық диагностика дәрігерлерін жинады.
Форум жыл сайын 19 мамырда атап өтілетін Дүниежүзілік ішектің қабыну аурулары күніне орай ұйымдастырылды және Крон ауруы мен ойық жаралы колит туралы хабардарлықты арттыруға бағытталды.
Мамандардың мәліметінше, Қазақстанда ІҚА бар пациенттер санының айтарлықтай өсуі байқалады. 2018 жылдан 2023 жылға дейін Крон ауруы 555-тен 1631-ге дейін, ал ойық жаралы колит ауруы 2218-ден 7305-ке дейін өсті. 2024 жылдың статистикасы бойынша, әр 100 мың адамға шаққанда 5-10-ға жуық ІҚА жағдайы орын алып отыр және бұл сан артуы мүмкін. Бұл диагностиканың жақсаруына және нақты аурудың өсуіне байланысты. ІҚА жасөспірімдер мен орта жастағыларда жиі диагностикалануы ерекше алаңдаушылық туғызады. Диагнозды қоюдың орташа жасы - 35-40 жас. Тәуекел факторларының арасында урбанизация, стресс, инфекциялар және антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау бар.
«Біздің Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында заманауи диагностикалық базамен жабдықталған және білікті мамандардың мультидисциплинарлық тобы жұмыс істейтін еліміздегі алғашқы IҚА, қысқа ішек синдромын емдеу және нутритивтік түзету бойынша мамандандырылған орталық ашылды. Оның негізгі міндеттері: IҚА және ҚІС бар науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту және ықтимал асқынулардың алдын алу. Орталық білікті көмекке мұқтаж жандарға ашық», - деп бөлісті Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Қатысушылар ерте диагностиканың қажеттілігін, жоғары технологиялық зерттеу әдістерінің және биологиялық терапияның қолжетімділігін, сондай-ақ IҚА емдеудегі көпсалалы тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Сарапшылар атап өткендей, жалғасып жатқан проблемалардың қатарында бірқатар өңірлерде эндоскопиялық диагностикаға қолжетімділіктің шектелуі, пациенттерге психологиялық қолдаудың жетіспеушілігі бар.
Форум аясында жас ғалымдар байқауы өтті.
Форум Қазақстанда IҚА бар пациенттердің өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды. Форум қорытындысы бойынша елімізде мамандандырылған орталықтар желісін кеңейту және пәнаралық бірлескен жұмысты күшейту, халықаралық тәжірибеге негізделген клиникалық ұсынымдарды енгізу және дәрігерлер үшін тұрақты кәсіптік білім беру бағдарламаларын дамыту қажеттігі белгіленді.