Бүгін Алматыда терапевт, пульмонолог, дерматолог, ревматолог, жалпы практика дәрігерлерінің және т.б. мамандардың қатысуымен VIII Халықаралық ревматологтар конгресі өз жұмысын бастады. Конгресті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, Республикалық ревматологиялық орталық және Қазақ ревматология алқасы ұйымдастырды.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Джамиля Кайбуллаева өзінің құттықтау сөзінде: «Біздің институт базасында үшінші деңгейдегі ревматология орталығының құрылуына байланысты бүгінгі іс-шара аса маңызды болып отыр. Бұл ревматологиялық аурулары бар пациенттерге мамандандырылған көмекті дамытуда, сондай-ақ Қазақстанның ревматологиялық қызметінің ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық рөлін нығайтуда маңызды қадам. Біз жаңа Орталық диагностика мен емдеудің озық технологияларын енгізуге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және жоғары білікті мамандарды даярлауға ықпал ететін клиникалық, ғылыми және білім беру платформасына айналатынына сенімдіміз»,-деді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас ревматологы, Республикалық ревматология орталығының басшысы, Қазақ ревматология алқасының президенті Ғалымжан Тоғызбаев: «Ревматологиялық аурулар халықтың барлық жас топтарында кең таралуда. Олар науқастардың ерте мүгедектігіне, мезгілсіз өлім қаупіне әкелуі мүмкін. Республикалық ревматология орталығын құру, онда науқастарға сапалы, уақтылы және ең үздік стандарттарға сай білікті көмек көрсетілетін болады, сондай-ақ өңірлерде осындай орталықтар құрудың маңызы зор»»,-деп атап өтті.
Қазақстанда да, әлемде де, ревматологиялық аурулары бар науқастардың саны өсу үстінде. Ревматологиялық аурулар диагнозы егде жастағы адамдарда да, жастарда да анықталуда. Ревматологиядағы аурулардың көпшілігі аутоиммунды, олар иммунитеттің дұрыс жұмыс істемеуінен туындайды. Олар жүйелік деп аталады, өйткені бірден бірнеше мүшені қамтиды. Барлық дерлік тіндер процеске қатысады, бірақ буындар, бүйрек, тері, ми, қан тамырлары ең көп зардап шегеді. Бұл аурулар адаммен өмірінің соңына дейін қалады. Бірақ бұған үкім ретінде қараудың қажеті жоқ: егер бұрын ревматологиялық ауру мүгедектікпен қысқа өмір сүруді білдірсе, бүгінде адамның ұзақ өмір сүруге мүмкіндігі бар.
Пленарлық отырыс, тақырыптық секциялар және сателлит шеңберінде 2 күн ішінде ревматология, пульмонология, дерматология, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы 35 жетекші шетелдік және отандық сарапшы мен жас ғалымдар клиникалық кейстермен ғылыми баяндамалар жасады. Жүйелі қызыл жегі, ревматоидты артрит, подагра, псориазды артрит, остеопороз және остеоартритті емдеу, оның ішінде жаңа гендік-инженерлік биологиялық препараттарды қолдану бойынша жаңартылған халықаралық клиникалық ұсыныстар ұсынылады.
Конгресс қатысушыларына белгіленген үлгідегі сертификаттар беріледі.