Бүгінгі таңда өкпенің созылмалы обструктивті ауруы – ең көп таралған пульмонологиялық аурулардың бірі, бұл тыныс алудың тұрақты белгілерімен сипатталатын, ауа ағынының шектелуімен және улы бөлшектердің немесе газдардың әсерінен пайда болатын тыныс алу жолдарының/альвеолалардың құрылымындағы ауытқулармен байланысты ауру.
ӨСОА әкеліп соғатын негізгі фактор – темекі шегу және ішкі және сыртқы ауаның ластануы кезінде улы бөлшектер мен газдармен тыныс алу. Қоршаған ортаға және ағзаға қатысты басқа факторлар, соның ішінде өкпенің дамуындағы ауытқулар да әсер етеді.
№ 2 терапия бөлімінің меңгерушісі Майса Қалықованың айтуынша, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да ӨСОА диагнозымен келген 85-90% пациенттердің ауру себебі - ұзақ уақыт бойы темекі шегу, басқа да сирек кездесетін себептер: өнеркәсіптік кәсіпорындардан ауаға шығатын залалды заттар, көліктерден шығатын пайдаланылған газ, химиялық заттар мен шаңның буларымен тыныс алу, өкпе дамуының ауытқулары.
«Мысалы, 60 жастағы пациент К. 40 жылдан астам темекі шегеді, өкпедегі қақырықтың шығу қиындығы, жеңіл дене күші кезінде ентігу, тыныс алудың қиындауына қатысты шағымдары болды. Объективті тексеруден, зертханалық және аспаптық зерттеулерден кейін ӨСОА диагнозы расталып, негізгі терапия тағайындалды, бірақ ең алдымен мұндай диагнозы бар науқастар темекі шегуден бас тартуы керек», - дейді Майса Байұзаққызы.
Қауіпті факторларды басқару және ӨСОА емдеу әдісі дәрісіз емдеу және дәрімен емдеу болып бөлінеді. Фармакологиялық әдістерге бронходилататорлар, ингаляциялық глюкокортикостероидтар мен ұзақ әсер ететін бронходилататорлардың комбинациясы, фосфодиэстераза-4 ингибиторлары (қабынуға қарсы препараттар), теофиллин және тұмау мен пневмококкқа қарсы вакцинация жатады. Фармакологиялық емес тәсіл темекі шегуден бас тартуды, күнделікті физикалық белсенділікті арттыруды, өкпені оңалтуды, оттегі терапиясын, тыныс алуды қолдауды қамтиды.
«ӨСОА бар науқастар темекі шегуді жалғастырса дәрі-дәрмектердің тиімділігі төмендейді. ӨСОА дамуының қаупін азайтудың тиімді шараларының бірі -темекі шегуді тоқтату. Біздің басты міндетіміз - пациентті темекі шегуге деген ынтамен күресуге ынталандыру. Ол үшін біз олардың себебін анықтауымыз керек, өйткені ол физикалық немесе психикалық болуы мүмкін, темекі шегушінің негізгі триггерлерін зерттеп, оларды жоюдың жеке жоспарын жасауымыз керек», - дейді пульмонолог Аида Жадил.
Осылайша, аурудың өршуінің алдын алу және ӨСОА емдеу кешенді тәсілді қажет етеді. Ең алдымен, пациенттер темекі шегуден бас тартуы керек, нәтижесінде өршу қаупі 20%-ға төмендейді. Күнделікті физикалық белсенділік (тыныс алу жаттығулары) науқастың жағдайын жақсартуға көмектеседі. Дұрыс таңдалған негізгі препараттар және пациенттердің емделуге деген ұмтылысы коморбидті жағдайлардың даму қаупін азайтады, ал үш компонентті терапияны қолдану пациенттерде орташа және ауыр өршу қаупін 30%-ға төмендетеді. Сонымен қатар, пневмонияға, тұмауға және коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация пациенттерге асқынулардың дамуын болдырмауға мүмкіндік береді.