Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №2 терапия бөлімшесінің нефролог дәрігері Сәрсенбай Қармақбаев «Bilim-orkenieti» орталығы мен «Жаңа Қазақстан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық патриоттық байқауына қатысып, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі» атанды.
Іс-шараның мақсаты: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауын насихаттау, Тәуелсіздік жылдары еліміздегі денсаулық сақтау саласының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген азаматтарды, өз ісінің мамандарын қоғамда кеңінен насихаттап, жастарға үлгі ету.
Әріптесіміз С.Асфендияров ат. Казақ ұлттық медицина университетін 2016 жылы тәмамдады. Медициналық білім берудің флагманы болып табылатын оқу орнында ол интернатура мен резидентураны да аяқтады. Еңбек жолын қарапайым фельдшер болып бастады. Алматы қаласының бірқатар емханалары мен медицина орталықтарында дәрігер болып жұмыс істеп, жетістіктерге жетті. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында да профилактикалық, емдік, оңалту шараларын жүргізуде тәжірибесі бар екендігін көрсетті.
Байқаудың жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсетіп, басшылық жасап отырған мекеменің қызметкерін шараға қатыстырғаны үшін клиниканың бірінші басшысы Марат Пашимовқа Алғыс хат жолданды.
Біз Сәрсенбай Берікұлын шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да адамгершілік пен ізгілік мұраттарына қалтқысыз қызмет етіп, пациенттердің ризашылығына бөленуіне тілектеспіз.