Жыл сайын 14 қарашада Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні атап өтіледі.
Қант диабеті - әлемдегі басты медициналық-әлеуметтік мәселелердің бірі. Осы тұрғыдан, Әлемдік диабет қауымдастығының басты мақсаты – «Диабетсіз өмір сүру».
Халықаралық диабет федерациясының мәліметі бойынша, қант диабетімен ауыратындардың саны бүкіл әлем бойынша өсу үстінде: бұл аурумен 530 миллионнан астам адам ауырады, бұл 20-79 жас аралығындағы барлық адамдардың шамамен 10% құрайды. Зардап шеккендердің басым көпшілігінде (90% - дан астамында) 2 типті қант диабеті бар, ол жасына, өмір салтына, басқа қауіп факторларына да байланысты.
Бұл, ең алдымен, адамзаттың өмір салтының түбегейлі өзгеруінен туындайды. Статистикаға сүйенсек, балалар мен жасөспірімдер арасындағы сырқаттану саны артып отыр, қант диабетінің асқынуынан өлім саны өсу үстінде. 2025 жылға қарай қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 2 есеге артады деген болжам бар.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда осы диагнозбен 400 мыңнан астам пациент тіркелген.
Диабет - соқырлықтың, бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің, жүрек ұстамасы мен инсульттің негізгі себептерінің бірі. Қант диабетін басынан алдын алу қажет.
2 типті қант диабетінің қауіп факторлары:
- Төмен физикалық белсенділік;
- 45 жастан асқан – 2 типті қант диабетіне скрининг осы жаста басталады, егер зерттеу нәтижелері қалыпты болса, зерттеу 3 жылда 1 рет қайталанады;
- Қант диабетімен ауыратын туыстары болуы;
- Белгілі бір этникалық топтарға жату;
- Әйелдер үшін: салмағы 4 кг-нан асатын баланың туылуы немесе гестациялық қант диабеті (жүктілік кезінде пайда болатын қант диабеті). ГҚД диагнозы қойылған әйелдер 3 жылда кемінде 1 рет тексерілуі керек;
- Дислипидемия: жоғары тығыздықтағы липопротеидтер < 35 мг/дл (0.90 mmol/L), триглицеридтер >250 мг/дл (2.82 mmol / L);
- Жүрек-қан тамырлары ауруларының сырқатнамасы;
- Гипертония ≥140/90 мм сын. бағ;
- Гликирленген гемоглобин ≥5,7%, аш қарынға бұзылған гликемия, алдыңғы тестілеуде глюкозаға төзімділіктің бұзылуы;
- Инсулинге төзімділікпен байланысты жағдайлар: ауыр семіздік, қара акантоз, поликистозды аналық без синдромы.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ эндокринология кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.к. Лаура Даньярованың айтуынша, қант диабетімен ауыратын науқастардың шамамен 40%-ы артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі сияқты кардиологиялық асқынуларымен және бүйректің созылмалы ауруымен зардап шегеді. Кейде бұл керісінше болуы мүмкін - бастапқыда жүрек-қан тамырлары ауруы асқынып, содан кейін предиабет немесе 2 типті қант диабеті диагнозы қойылатын жағдайлар орын алады. Егер адамда артық салмақ, артериялық гипертония немесе липидтер алмасуының бұзылуы болса, онда ол қауіпті топқа жатады, сондықтан ол предиабетке тексеруден өтуі керек.
2013 жылдан бастап Қазақстанда Ауруларды басқару бағдарламасы (АББ) жүзеге асырылуда. Ауруларды басқару бағдарламасына артериялық гипертензия, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі және 2 типті қант диабеті сияқты аурулар кірді.
Бағдарламаға қатысқан пациенттер емдеудің тиімділігі көбінесе аурудың мәнін дұрыс түсінуге, емдеуді ұстануға және дәрігердің ұсыныстарын орындауға байланысты екенін түсіне бастады. Қант диабетімен ауыратын диспансерлік есепте тұрған 391 703 пациенттің 239 670-і (61,2%) АББ-ға кірді. Гликирленген гемоглобиннің бақылау деңгейінің <7% төмендеуіне АББ-ға қатысатын қант диабетімен ауыратын науқастардың 26% - дан астамы қол жеткізді.