2021 жылы да біз Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ең үздік қызметкерлерімен таныстыруды жалғастырамыз


Тимур Ибрагимов – жасанды қанайналым зертханасы бар кардиохирургия бөлімшесінің жоғары кәсіби білімі бар маманы.



Шебер секілді, кардиохирург жүректің кемістіктерін түзетеді, жүрек тамырларының өткізгіштігі және т.б. қалпына келтіреді. Бір сөзбен айтқанда, жүрек патологиясы болған жағдайда адамның өмірін сақтап қалады, оның өмір сүру жасын  ұзартып және сапасын жақсартуға ықпал етеді.



Тимур Юлдашмирзаевичке кардиохирургиямен айналысу туралы ой 2011 жылы С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ емдеу ісі мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін келді. 2015 жылы м.ғ.д., профессор Арыстан Сейдалиннің жетекшілігімен А.Сызғанов ат. ҰҒХО жанындағы кардиохирургия мамандығы бойынша резидентураны аяқтады.



Оның кардиохирургиядағы жұмыс өтілі 11 жылды құрайды. Ол қолқаның өрлемелі бөлігінің аневризмасы, гипертрофиялық кардиомиопатия, жүрек ырғағының бұзылысы, жүректің ишемиялық ауру түрінің асқынуы секілді ауруларда жасалатын кардиохирургиялық операциялар мен процедуралардың көптеген түрлерін жасайды. Жүрек фибрилляциясын емдеудің аз инвазивті торакоскопиялық әдістерін меңгерген. Сондай-ақ жүрек және өкпе аурулары кезіндегі өте ауыр күйде жатқан пациентке экстракорпоральды мембранды оксигенация аппаратын қосудың әдістерін де үйренген.



Ол өзінің кәсіпқойлығымен және пациенттерге ілтипатпен қарай білу қасиетімен, мейірімділік, адамгершілік сияқты мінездерімен ерекшелінеді.



Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында 2019 жылдан бері еңбек етіп келеді. ТМД және Еуропаның ең үздік кардиохирургиялық клиникаларында тағылымдамадан өтті. Академик Е.Мешалкин ат. медициналық ғылыми-зерттеу орталығының, бельгиялық профессор Поль Сержанттың жетекшілігімен өткізген жұмыс істеп тұрған жүрекке аортокоронарлық шунттау жүргізу шеберлік класын айта кеткен жөн. Әріптестерімен өзінің тәжірибесімен бөліседі.